Неге Германияның капитуляциясы екінші рет қабылданды?

1945 жылдың 8 мамырында - соғыстың 1417 күні, Берлин түбіндегі Карлсхорст ауданында орналасқан Әскери инженерлік училище ғимаратында орталық еуропалық уақыт бойынша 8 мамыр күні кешкі 22 сағат 43 минутта (Мәскеу уақыты бойынша 9 мамырға қараған түні 00:43-те) нацистік Германияның қарсылықсыз тізе бүгетіні туралы тарихи Актіге екінші қайтара қол қойылды. Ол күшіне 17 минуттан кейін, яғни Мәскеу уақыты бойынша 9 мамырға қараған түні 01 сағат 01 минутта күшіне енді. Оның мәтіні негізінен 7 мамырда қойылған Актіге сәйкес келеді. Құжат орыс, ағылшын және неміс тілінде әзірленді. Бірақ тек орыс және ағылшын тілінде Акт қана түпнұсқа болып есептелінді.
Германия тарапынан Актіге Германия қарулы күштерінің Бас қолбасшылығының бастығы, генерал-фельдмаршал Вилгельм Кейтель, Люфтваффе (әскери әуе күштері) өкілі, генерал-полковник Ганс-Юрген Штумпф және Кригсмарине (әскери теңіз күштері) өкілі, флот адмиралы Ганс-Георг фон Фридебург қол қойды.
Кеңес одағы тарапынан бұлтарыссыз тізе бүгуді Кеңес одағының маршалы Георгий Жуков пен Одақтастар қарулы күштерінің Бас қолбасшысының орынбасары, Улыбританияның авиация маршалы Артур Уильям Теддер қабылдады.
Куәгерлер ретінде АҚШ стратегиялық әуе күштерінің қолбасшысы, армия генералы Карл Спаатс және Франция армиясының қолбасшысы, армия генералы Жан Жозеф Мари Габриэль де Латр де Тассиньи қол қойды.
Неге Германияның капитуляциясы екінші рет қабылданды? Өйткені, Германия капитуляциясына бұған дейін, 7 мамырда Францияның солтүстік-шығысына орналасқан Реймс қаласында қол қойылуы Йосиф Сталиннің наразылығын тудырды. Ол бұл Актіні қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартып, одақтастарды Жеңіс туралы ресми мәлімдеме жасамай тұруларын өтіне отырып, Қызыл армия басып алған Берлинде қарсылықсыз тізе бүгу Актіге екінші қайтара қол қойылуын талап етті. Әрине, Черчилль де, Трумэн де Жеңіс туралы ресми мәлімдеме жайындағы өтінішті әр түрлі сылтаулармен қабылдамай тастады. Сондықтан да батыс елдері соғыстың аяқталғаны жөнінде ресми түрде 8 мамырда-ақ хабардар болды. Ал Кеңес одағында 7 мамырдағы капитуляция жайындағы ақпараттың таралуына қатаң түрде тыйым салынды. Дегенмен, одақтастар Берлинде Актіге екінші қайтара қол қою рәсімін өткізуді бірауыздан қолдады. Реймстегі акт алдын алғы құжат болып қабылданды.
Ал Карлсхорстта нацистік Германияның қарсылықсыз тізе бүгуі туралы Актіге қол қойғаны жайындағы алғашқы ақпаратты Кеңес одағының халқы 1945 жылы 9 мамыр күні Мәскеу уақыты бойынша кешкі сағат 22:00-де аты аңызға айналған диктор Юрий Левитанның аузынан естіді.
Бұл әрине 1945 жылдың 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні болған тарихи уақиға. Ал 8 мамыр күні қандай оқиғалар болды? Бұл туралы Кеңес ақпарат бюросының 8 мамырдағы мәліметінде көрсетілген.
«8 мамыр күні 3-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері ФРИШ-НЕРУНГ мүйсін жаудан тазарту бойынша ұрыстар жүргізе отырып, НОЙЕ ВЕЛЬТ және ФОГЕЛЬЗАНГ елді мекендерін алды.
1-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері ЭЛЬБА өзеніне шығу барысында немістердің 7 150 солдаты мен офицерін тұтқындап, 28 - танкті, 513 - дала зеңберігін, 402 - пулеметті, 1700 - автокөлікті, 3700 - жылқыны, 2200 - басқа соғыс мүліктерін олжалады.
1-ші УКРАИН майданының әскерлері екі күнге созылған ұрыс барысында дұшпанның қарсылығын жеңіп, 8 мамырда немістердің Саксония жеріндегі маңызды қорғаныс пункті - ДРЕЗДЕН қаласын, сондай-ақ МЮГЕЛЬН, ЛОМ-МАЦШ, МЕЙССЕН, ЛАЙСНИГ, ДЕБЕЛЬН, ХАРТА, ВАЛЬДХАЙМ, РОСВАЙН, НОССЕН ВИЛЬСДРУФФ, ХАЙНИХЕН, ФРАНКЕНБЕРГ, ФРЕЙБЕРГ, ГАРАНДТ, ОДЕРАН, САЙДА қалаларын басып алды. Сонымен қатарй майдан әскерлері Чехословакия жеріне өтіп, МОСТ, ДУХЦОВ, ТЕПЛИЦЕ-ШАНОВ қалаларын алды. Майдан әскерлері бір мезетте ДРЕЗДЕННІҢ шығыс жағында дұшпанның қарсылығын жеңіп, РАДЕБЕРГ, ЛОБАУ, РАЙХЕНБАХ, БЕРНШТАДТ, ГЕРЛИЦ қалаларын алды. БРЕСЛАВЛЬ қаласының оңтүстік-батысы және оңтүстік жағында майдан әскерлері ШТРИГАУ, ФРЕЙБУРГ, МЮНСТЕРБЕРГ, ОТТМАХАУ қалаларын да басып алды.
4-ші УКРАИН майданының әскерлері шабуыл жүргізе отырып, 8 мамыр күні немістердің МОРАВА өзені бойындағы маңызды қорғаныс пункті ОЛОМОУЦ қаласын, сондай-ақ, ВЮРБЕН-ТАЛЬ, ЭНГЕЛЬСБЕРГ, РЕМЕРШТАДТ, БЕРГШТАДТ, МОРАВСКИЙ ШЕНБЕРГ, ХОЕН-ШТАДТ, ГРАНИЦЕ, ПРЖЕРОВ қалаларын ұрыспен алды.
7 мамыр күні болған ұрыстар барысында майдан әскерлері немістердің 1000 жуық солдаты мен офицерін қолға түсірді.
2-ші УКРАИН майданының әскерлері 8 мамыр күні Чехословакияда ЯРОМЕРЖИЦЕ, ЗНОЙМО қалаларын, ал Австрия жерінде ГОЛЛАБРУНН и ШТОК-КЕРАУ қалаларын алды.
Майданның басқа учаскелерінеде өзгерістер болған жоқ», - делінген мәліметте.