Негізгі мақсат- өңір бойынша Қазақстанда үздік медициналық мектепті қалыптастыру - Елбасы

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл Жаңа жыл қарсаңында барлық елордалықтарға сый ретінде тартылып отыр. 360 орынға есептеліп, қазіргі заманның талаптарына сәйкес салынған ауруханада ең соңғы буынды медициналық жабдықтар, диагностикалық технологиялар орнатылған», деді Президент.
Қазіргі кезде Астанаға диагностикадан өтуге, ем қабылдау үшін көршілес елдерден келіп жатқанына тоқталған Елбасы, «бұл дегеніміз адам денсаулығына аса қамқорлықпен қарау. Негізгі мақсат-Қазақстан азаматтарының орташа өмір жасы мен белсенді өмір сүру жасын ұзарту, сондай-ақ біздің өңір бойынша елімізде үздік медициналық мектепті қалыптастыру. Атап айтқанда, Кубаны қанша сынға алып жатса да олар жақсы медицинаны құрды. Барша Латын Америкасы осы елдің медицинасын ең жоғары деп санайды және олардан үйренуге келеді», деді.
Осы орайда Мемлекет басшысы елімізде де осындай брендті қалыптастыру керектігін атап өтті.
«Ол үшін біз барлығын құрудамыз. Жеті орталықтан тұратын медициналық кластер құрылды, сонымен бірге кардиологиялық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Мұнымен қоса осы аурухананы тапсырып отырмыз және барлық облыстар бойынша перзентханалар салынып жатыр»,-деді Президент.
Елбасы бүгінде облыс орталықтарында жүрекке операциялар жасалып жатқандығын, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалу үшін жұмыстар атқарылып жатқанын айта келе: «Менің қолымдағы деректер бойынша, бізде 9 мың адам жүрекке операция жасауды қажеттілік етеді. Ал әзірге олардың мыңына ғана операция жасалды. Дегенмен, біз сырқаттарды шет елге жібермей-ақ оларды Қазақстанда сапалы операциямен қамтамасыз етуге жақынбыз», деді.
Мемлекет басшысы қазіргі кезде Қазақстан бойынша 100 аурухана салынып жатқандығын, медициналық мекемелерде жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, сондай-ақ оларда қажетті жабдықтар орнатылғанын жеткізді.