Неғұрлым ұзақ еңбек етіп, жинақ салымы неғұрлым көп болса, соғұрлым зейнетақы жоғары болады

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - «Еңбек түбі зейнет» деп халық бекер айтпайды. Еңбек еткен адам, сол еңбегіне қарай зейнетақы алуы тиістігі осыған дейін де біршама айтылған. Соңғы уақытта Үкімет тарапынан қолға алынған зейнетақы жүйесін жаңғырту жұмыстары да бір тараптан осыны қаузайды. Ал зейнетақы жүйесін жаңғыртудың мақсаты - елдің жинақтарын сақтауға және одан өсім алуға жағдай жасау.
None
None

Бұдан бөлек, Үкімет азаматтардың келешекте бүгінгі еңбегіне сай мардымды зейнетақы алулары үшін зейнетақы жүйесін қазірден жетілдіруді көздеген болатын. Дәл осы мақсаттағы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» бұған дейін Мәжілісте таныстырылып, ондағы жаңалықтар қалаулылардың өңірлердегі сайлаушылармен жүздесуінде бірталай әңгімеге ұласқаны белгілі. Бүгін Парламент Мәжілісі аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Жаңа заң жобасына келсек, бұған дейін де айтылғандай, онда ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ негізінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру қарастырылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкіметі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы мен акционері болып табылады, ал оның зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық Банкі жүзеге асыратын болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты инвестициялық стратегия ҚР Президентінің шешімімен құрылатын Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңеспен бекітіледі. «Міндетті зейнетақылық жинақтау, салымдардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдік қамтылады. Жалпы алғанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру зейнетақы салымдарының сақталуын, зейнетақы активтерін басқаруды бақылауда ұстауды, қор қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді қарастырады. Сонымен қатар, инвестициялық табыстылықты арттыру есебінен зейнетақы жинақтарының тиісті өсімін қамтамасыз ету шаралары қарастырылады», - дейді Серік Әбденов.

Екінші басты жаңалық - ауыр және қауіпті өндіріс жағдайында жұмыс істейтін адамдар үшін міндетті санатқа еңбекақы төлеу қорынан 5 % мөлшерінде ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару. Бұл ретте жұмыс берушіге жүктеме көбеймейді, өйткені кәсіптік зейнетақы жүйесіне аударылатын сома салық төлемдерін жүзеге асыру кезінде шегерімге жатқызылады.

Бұнымен қоса, заң жобасында әйелдердің зейнеткерлік жасын біріздендіру нормалары да қамтылып отыр. «Әйелдер үшін зейнеткерлік жасын ер азаматтармен теңестіру олардың өздері үшін зейнетақы мөлшерін арттыруға деген мүмкіндікті қамтиды. Қосымша бес жылға арттыру зейнетақы жинақтарының өсімін 15 пайызға көбейтуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру келер жылдан басталып, 2023 жылға дейін он жыл бойы, жыл сайын алты айға көтеріле отырып, жүзеге асады. Мәселен, 1956 жылы туылған әйел келесі жылы 58 жасқа толады, ал ол зейнеткерлікке 58-де емес, 58,5 жасында шығады», - деп түсіндіреді министр Серік Әбденов. Оның айтуынша, әйелдер үшін ертерек зейнеткерлікке шығу құқықтары да сақталады. Онда біріншіден, зейнетақылық жинақтары жеткілікті болғанда әйелдерге елу жасында зейнетке шығу құқы сақталады. Екіншіден, 20 жыл еңбек өтілі болғанда, бес және одан да көп бала туған әйелдерге 58 жаста зейнетке шығуға болады. Үшіншіден, Семей ядролық сынақ алаңдарындағы сынақ салдарынан жапа шеккендер, жоғары радиациялық аймақтарда тұрғандар 20 жыл еңбек өтілі болғанда 45 жасында зейнетке шыға алады.

Тоқтала кететін жайт, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әйелдердің зейнет жасын арттыру ең алдымен 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтілінің азаюына байланысты туындайды. Бұл ретте министрлік сарапшылары 2012 жылы зейнетақы тағайындау үшін өтініш білдірген әйелдердің 12 пайыздан астамының 1998 жылғы 1 қаңтарға жинақталған толық еңбек өтілі болмағанын, ал 2018 жылға қарай зейнетке шығатын ондай әйелдердің барлығында толық өтіл болмайтынын алға тартады. Демек, 2018 жылдан кейін зейнетке шығатын әйелдердің зейнетақысы базалық зейнетақы мен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне сәйкес бюджеттен ынтымақты зейнетақыны қамтиды. Бұл ретте еңбек зейнетақысы толық емес еңбек өтіліне байланысты жыл сайын бекітілетін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болуы мүмкін. Болжам бойынша әйелдердің алатын зейнетақысы бұрынғы орташа айлық жалақының 40 пайызынан кем болмақ. Сондықтан да зейнетақы жасын біріздендіру бюджет қаражатын үнемдеу үшін ғана емес, әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін және зейнетақы жинақтарының көлемін ұлғайту үшін ұсынылуда.

Тоқтала кететін жайт, бүгінде әлем елдері арасында зейнет жасын ұзартуға мәжбүрлік байқалып қана қоймай, оған қатысты нақты қадамдар атқарылып жатыр. Бұған біріншіден, жұмыс күшінің жетіспеушілігі себеп болса, екінші себеп халықтың өмір сүру жасының ұзарғаны болып табылады. Мәселен, Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзербайжан, Украина, Эстония мемлекеттерінде де бұл шара қолға алынып жатыр. Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2020 жылы ерлердің жасымен теңестіріледі, басқа 5 елде де бұл мәселе күн тәртібінен түспеген. Осы мемлекеттерде де зейнеткерлік жасты арттыру кезең-кезеңмен жүргізіледі. Мысалы, Оңтүстік Кореяда әйелдердің зейнеткерлік жасын 65-ке жеткізу 20 жыл ішінде жүргізілсе, Францияда 62 жасқа дейін 8 жылда, Украинада 60 жасқа дейін 10 жылда жүзеге асырылатын болады.

Талқылау барысына келсек, Мәжіліс депутаттарының басым бөлігі зейнетақы жүйесін осылайша жаңғыртудың дер уақытында атқарылған шара деп бағалайды. Мәселен, депутат Зағипа Балиева әйелдердің зейнетақы жасын көтеру - оңай шаруа емес екенін, алайда солай бола тұра бұл келер ұрпақтың мүддесі үшін қарастырылып отырғанын алға тартады. «Парламенттің де, Үкіметтің де қызметіндегі басты мақсаты - бүгінгі заманның қатерлеріне лайықты жауап қату. Осы тұрғыдан алсақ, қазіргі қолданыстағы зейнетақы жүйесін қазіргі замандағы қатер ретінде қарауға болады. Біз ертеңгі күні қаражат жетпей, зейнетақы төлемдеріне қаржы таба алмай қалмас үшін, бүгін осындай қадамдарға баруымыз керек. Біз бүгін осы мәселені шешпесек, онда ертеңгі күні «біз неге олқы тұсты уақытында шешпедік, неге зейнетақы төлеуге мүмкін болмайтын шараларды жіберіп қойдық?» деген сауалдарға жауап іздейтін боламыз», - дейді депутат Зағипа Балиева.

Ал депутат Шалатай Мырзахметов жаңа заңның басты мақсаты болашақ зейнеткерлердің лайықты өмірін қамтамасыз ету екенін баса айтады. «Зейнет жасын өсіру керектігі дау туғызбайды. Бұл қажетті дүние. Өйткені, келешек үшін зейнеткерлік жасын алғаш көтеріп отырған бір Қазақстан емес. Ондаған жылдар бұрын тиісті қадам жасап, кезең-кезеңімен зейнет жасын өсіру арқасында бұл салада еш тоқырауға ұшырамаған мемлекеттер де, керісінше кезінде қам жасамай, уақыты келгенде халыққа салмақ артып, екі есеге артық шығынға батқан елдер де баршылық. Ендеше, біз орын алған қателіктерге жол бермеуіміз керек. Бүгінгі күні Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымына мүше елдердің жартысына жуығы зейнеткерлік жасты ұлғайтып отырса, кейбірі жақын уақытқа жоспарлап отыр. Мысалы, Ұлыбритания, Германия, АҚШ сияқты дамыған елдерде зейнет жасы, 67 жастан кем емес. Ал, Жапонияда тіпті, 70 жасты құрайды. Сондықтан әлі күнге дейін зейнет жасын арттыру керек пе, жоқ па деген сауалдың айналасында сөз таластырғаннан гөрі, оны қалай жасауға қатысты күш біріктіретін уақыт келді», - дейді Шалатай Мырзахметов.

Ал депутат Розақұл Халмұрадов Үкіметтің Ұлттық қор қаржысын алдағы жылдары қолданыстағы зейнетақы жүйесі бойынша пайдаланып, түгесіп тастап, одан кейін құр шөппен ауыз сүртіп қалмайық, деп алдын ала қам жасап жатқанына қолдау білдіреді. «Расында зейнеткерліктің бүгінгі жүйесі және қолданыстағы зейнетақы туралы заңымызбен алысқа бара алмасымыз анық. Әйелдердің жасын біріздендіру, шын мәнінде әсіресе ауылдағылар үшін ауырға соғуы мүмкін, бірақ одан қашып құтыла алмайтынымызды түсінуге тиіспіз. Себебі бұл дамыған елдердің барлығында бар тәжірибе. Бүгіннің емес, болашақтың қамын ойлағаннан туындайтын мәселе деп білемін», - дейді депутат Розақұл Халмұрадов. Оның айтуынша, әйелдердің зейнет жасын ұзарта отырып, атқарушы билік олардың уайымсыз өміріне жағдай жасаулары керек. «Ұзақ жылдар еңбек етуіне байланысты әлеуметтік мәртебенің сақталуы, лайықты зейнетақы жинақтарын жасаудың жолдары жан-жақты қарастырылып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиістігі айқын болып отыр. Бұның барлығы бүгін айқындалып, жоспарланбаса, ертеңгі күні кеш болады», - деді ол.

Түйіндей айтсақ, Мәжіліс Үкімет ұсынған зейнетақы жүйесін жаңғыту мәселелерін қолдап отыр. Ең бастысы, онда қамтылған әйелдердің зейнеткерлік жасын ұзарта отырып, Үкімет халықтың жұмыспен қамтылуын және зейнет жасы таяған адамдарға жұмыс орнының сақталуына сеп болатын қадамдарды жүзеге асырса, сол абзалырақ.

Соңғы жаңалықтар