Нидерланд Қазақстанмен тиімді ынтымақтастықты арттыруға дайын - Марк Рютте
Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.
Әңгіме барысында Мәжіліс Төрағасы Нидерландыны Қазақстанның Еуропадағы маңызды сыртқы саяси әрі негізгі экономикалық әріптес ретінде атап өтті. Оның айтуынша, 25 жыл ішінде Қазақстан экономикасына голландиялық тікелей инвестицияның ағымы 59 млрд. АҚШ долларын құраған.
Сонымен қатар, спикер халықаралық аренадағы мәселелерді тілге тиек ете отырып, халықаралық терроризммен және радикалды экстремизммен күресті тиімді ету үшін барша халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру қажеттігіне назар аударды.
«Біз Қазақстан Президентінің БҰҰ қамқорлығымен халықаралық терроризм және экстремизмге қарсы күрестің жаһандық желісін құру туралы бастамасын қолдауға және «Ислам терроризмге қарсы» форумын өткізуге шақырамыз», -деді Қ. Жақыпов. Бұдан бөлек, Төраға Нидерланды Үкіметінің басшысын парламентшілер жұмысымен таныстырып, соның ішінде Елбасы айқындаған бес институттық реформалар аясындағы атқарылған шараларға тоқталды.
Өз кезегінде Марк Рютте Қазақстанның Нидерландымен, Еуропалық Одақпен және тұтастай әлеммен қарым-қатынасын дамыту үшін аса маңызды үш негізгі мәселені атады. Нидерланды Премьер-Министрінің айтуынша, бұлар біздің еліміздің ДСҰ-ға өтуі, ЕО-пен әріптестік пен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жаңа келісімге қол қою бойынша келіссөздер үдерісінің аяқталуы, сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын сапалы орындау. «Аталған қадамдардың табысты орындалуы Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес болуына септігін тигізеді», - деп санайды М.Рютте.
Бұл ретте М. Рютте «100 нақты қадам» бағдарламасының 50 қадамы экономикалық реформаларға негізделгенін, осыған байланысты Нидерланды тарапының Қазақстанмен тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті. Ал ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары ретінде Премьер-Министр ауыл шаруашылығын, су инженериясын, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласын, инфрақұрылым мен мұнайгаз секторын атап өтті.
Сонымен қатар, мәртебелі мейман Нидерланды тарапының БҰҰ ҚК Тұрақты емес мүшесі ретіндегі 2017-2018 жылдарға Қазақстанның кандидатурасын қолдауға дайын екенінде жеткізді.