Номиналы 500 теңгелік шақа айналысқа шығарылды
Оның бет жағында (аверсінде) оң жағында екі жолға орналасқан және монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазу, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі, шақа дайындалған металды, оның сынамы мен массасын білдіретін «Ag 925 31,1gr.» деген жазу бар. Сол жағында шауып бара жатқан төрт салт атты бейнеленген. Шақаның өн бойына күңгірт жалпақ жиек жүргізілген, онда айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және ағылшын тілінде «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазу ойып жазылған. Жазулар нүктелермен бөлінген.
Шақаның сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде шоқырақтаған арқардың алтын жалатылған бейнесі орналасқан. Жоғары бөлігінде спиральдің геральдикалық бейнесі және мемлекеттік тілде «АРҚАР» деген жазу бар. Төменгі бөлігінде айналдыра ағылшын тілінде «LYING ARGALI» деген жазу бар.
Шақаның өн бойына күңгірт жалпақ жиек жүргізілген, онда айналдыра мемлекеттік тілде «КӨШПЕНДІЛЕР АЛТЫНЫ» деген жазу, соғылған жылын білдіретін «2013» деген сан және ағылшын тілінде «THE GOLD OF NOMADS» деген жазу ойып жазылған. Жазулар және сан нүктелермен бөлінген.
Шақа 925 сынамды күмістен жасалған, массасы 31,1 грамм, сипатталған шеңбердің диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы - «proof», таралымы - 5 мың дана.