Новосібірлік журналистердің делегациясы Павлодарға сапармен келді

«Біздің халықтарымыз тарихи тұрғыдан достас, олардың өткен тарихы, экономикалық, мәдени байланыстары ортақ. Біз екі елдің игілігі үшін барлық бағыттағы ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыра беруіміз керек», - деп атап көрсетті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова журналистермен болған басқосуда.
Павлодарлық және новосібірлік баспасөз өкілдері былтыр сібірлік қалада бас қосып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Қазіргі таңда өзара ақпарат алмасу ісі жолға қойылды, облыстық басылымдар көрші облыстардың тіршілігі туралы баяндайтын беттер шығарады.
«Мұндай тікелей қарым-қатынастар бізге де және Ресейдің көршілес аймақтарының тұрғындарына да қажет. Біз көрші тұрамыз, бірақ ресейліктер біз туралы аз біледі, олардың Қазақстан туралы ойлары ескі», дейді «Казахстанская правда» басылымының меншікті тілшісі Сергей Горбунов.
Новосібірлік делегацияны бүгін Екібастұз бен Баянауыл қалалары күтуде. Келесі жылы журналистер Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстары БАҚ өкілдерінің форумын өткізбек. Кездесу Павлодарда өтетін болды.