«Нұр Астана» Орталық мешіті Ораза айт күндері 2 мың отбасына әлеуметтік көмектер көрсетуде
Бұл туралы бүгін ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Қалижан қажы Заңқоев мәлімдеді.
Қ.Заңқоевтың айтуынша, «Нұр Астана» орталық мешітінің бастамасымен ұйымдастырылып отырған бұл игі іс, айт күндері адамдарға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында қолға алынып отыр.
Әлеуметтік жәрдем Есіл, Алматы және Сарыарқа аудандары әкімдіктерінен алынған тізім бойынша 2 мың отбасыға, оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттеріне көрсетіледі. Оның 1 мыңына азық-түлік қалталары үйлеріне бүгіннен жеткізіле бастады. Қалған 1 мыңына қаржылай қолдаулар ертеңнен бастап таратыла бастайды.
Мұқтаж жандарға түрлі көмектер бұған дейін де көрсетіліп келгенімен, адамдардың мұндай саны Астана қаласында алғаш қамтылып отыр. Рамазан айы бойы жиналған пітір садақаларды осындай игі, қайырымды істерге жұмсаудың орынды екендігін айтқан Қ.Заңқоев, бұған «Нұр Астана» орталық мешіті мен Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінде жиналған пітір садақадан 1,5 миллион теңге бөлінгендігін атап өтті.
Еске сала кетейік, кеше ғана өрмектің жүзінен ауған Рамазан айында «Нұр Астана» мешіті ай бойы жамағатқа барынша жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін аянып қалған жоқ. Күнделікті 500 кісіге арнап ауызашар дастарханын жайып, қала мешіттеріне тарауих намазына келген жамағатты 5 бағыт бойынша автобустар ай бойы тегін тасып отырды. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан істерге Бас шаһардың тұрғындары мен қонақтары дән риза.