«Нұр Отан» ХДП бастауыш ұйымдары да су тасқынынан зардап шеккендерге қолұшын беруде
18 сәуір күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің жанынан құрылған «Айбын» бастауыш ұйымының мүшелері қаладағы бұрынғы №2 балалар ауруханасы ғимаратында орналасқан эвакуациялық пунктте болды.
Екі жүзге тарта мүшесі бар аталмыш ұйым өкілдері азық-түлік, тұрмыстық зат, киім-кешек әкелген. Бастауыш ұйым төрағасы Мұратбек Ержақыпов бұл көмекті студент жастар ұйымдастырғанын мәлімдеді. Ал университет оқытушылары өздерінің бір күндік табыстарын қайырымдылық қорына аударды. Енді оқу орнының кәсіподақ комитеті тарапынан көмек көрсетілмекші.
«Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асыланбек Сарқұловтың айтуынша, Оралда жүзге тарта бастауыш партия ұйымы бар. Олардың бәрі қайырымдылық шарасынан шет қалған жоқ.
Аталмыш эвакуациялық пунктте «Самал» шағынауданы және телеорталық аумағындағы саяжайлардың тұрғындары орналасқан. Олар өз тарапынан осындай көмек жасап жатырғаны үшін облыс, қала басшылығына, «нұротандықтарға» алғысын білдірді.