«Нұр Отан» ХДП делегациясы Мәскеу қаласында өткізілген «Единая Россия» партиясы съезінің жұмысына қатысты

Съезд 11 мың қатысушылардың басын қосып, жай ғана партиялық іс-шара шегінен шықты. «Единая Россия» партиясының 12 съезін қазірдің өзінде ең ауқымды және көп талқыланатын іс-шара деп атады. Оның басты қорытындысы - 2 негізгі жаңалық: премьер Владимир Путиннің кандидатурасы ел Президенті лауазымына ұсынылып, желтоқсан айында өткізілетін мемлекеттік Дума сайлауында «Единая Россияның» партиялық тізімін президент Дмитрий Медведев басқаратын болды. Жалпы осы тізімге 600 адам кірді. Сайлау тізімінің ерекшелігі - оның 53 пайызын қазіргі Мемлекеттік Дума депутаттары құраса, ал үштен бір бөлігі - Жалпыұлттық халықтық фронт арқылы өткен ешбір партияға кірмейтін азаматтар болып отыр. Осының арқасында тізімге аймақтардан мүлдем жаңа қызықты адамдар кірді. Бұл жағдай Думаның жаңа құрамынан жаңаша ой-пікірлер мен көзқарастарды күтуге мүмкіндік беріп отыр.
Дмитрий Медведев пен Владимир Путиннің Съезд барысында сөйлеген сөздерінің мәтінін партияның сайлауалды бағдарламасы деп есептеу ұсынылды. Оның үлкен бөлігі әлеуметтік салаға, еңбекақы, зейнетақы мөлшерін көбейту, ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемелерін азайту, тұрғын үй салу және байлардың салық көлемін көбейтуге арналған.
Алайда, көшбасшылардың өздерінің айтуынша, ең маңыздысы - осыған қалай қол жеткізуге болатыны және Ресей азаматтарының бұған қатысты көзқарастары қандай болатыны. Форум партияның сайлауалды тактикасын айқындап қана қоймай, сонымен қатар елде орнаған билік моделінің тиімділігін көрсетті. Ең жақын көршілермен жақындасу да басты басымдықтардың бірі болып табылады.
«Единая Россия» партиясы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы арасында әріптестік қатынастар қалыптасып үлгерген. Сол себепті шетелдік партия өкілдерінің алғашқысы болып қазақстандық делегация жетекшісінің сөз сөйлегені кездейсоқтық емес. Билік партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқыды. Құттықтау мәтінінде соңғы жылдары екі ел арасындағы сындарлы жан-жақты әріптестік пен стратегиялық ынтымақтастық жаңа деңгейге шыққаны туралы айтылған. Бұған Кеден одағының құрылып, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қалыптасуы дәлел бола алады.
Партияаралық қарым-қатынастарға қатысты:«Өз елдеріндегі саяси процесстің көшбасшылары болып табылатын «Нұр Отан» және «Единая Россия» партиялары арасындағы байланыстар да күн сайын күшейіп келеді. Осылайша екі елдің бауырлас халықтары арасындағы достық қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға біздің партияларымыз өз үлесін қосуда. Алдағы уақытта да ресейлік достарымызбен әріптестігімізді дамытып, партияаралық қарым-қатынастарымызды нығайтуды көздеп отырмыз»,делінген.
Қазақстан мен Ресей жай ғана көрші елдер емес, біздің даму жолдарымыз ортақ. Бұл туралы «Единая Россия» өкілдері бірнеше рет айтқан болатын. Ал интеграциялық байланыстар кеңейіп, нақты нәтижелер беруде.
Мемлекеттік Дума депутаты Олег Савченко қазақстандық партияның алғашқы болып сөз сөйлегені Ресейдің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген айрықша көзқарасының дәлелі екенін атап өтті. Ол - бірегей тұлға, біздің стратегиялық әріптестігіміз де оның атымен байланысты.
- Басқа шетелдік партияларға қарағанда, біздің «Нұр Отан» партиясымен қарым-қатынастарымыз алда келеді. «Нұр Отан» - бұл біздің нағыз әріптесіміз, нағыз досымыз. Біз өткен уақытта жасаған істерімізбен мақтан ете аламыз және де болашақта одан да қыруар жұмыс атқаратынымызға сенімдімін. Ала алмайтын асуларымыз жоқ, дейді РФ Мемлекеттік Дума депутаты Константин Косачев.
Партияаралық байланыстар қарқынды дамып келеді. Оған дәлел - ынтымақтастық жайлы жаңа келісімге қол қойылғаны. Оған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен «Единая Россия» Жоғарғы кеңесінің төрағасы Борис Грызлов қол қойды. Құжатқа өзара қарым-қатынас орнатудың, алдағы жылдары тәжірибе алмасудың нақты шаралары кірген және де бұл құжат екі партия байланыстары тарихының жаңа тарауын ашады деп айтуға болады.