«Нұр Отан» ХДП фракциясы Төралқасының отырысында депутаттардың өңірлерге шыққан сапары қорытындыланды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста Мәжіліс депутаттары - «Нұр Отан» ХДП мүшелерінің биылғы қарашаның 23-і мен желтоқсанның 2-сі аралығында өңірлерге шығып, атқарған жұмыстарының қорытындылары сөз болды. Сапар қарсаңында фракция кеңейтілген жиналысын өткізіп, Үкіметтің дағдарысқа қарсы іс-шараларының аралық нәтижелерін тыңдады. Онда депутаттар алдында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Дағдарысқа қарсы бағдарлама мен «Жол картасының» орындалу барысы туралы баяндама жасаған болатын.
Депутаттар сайлаушыларға елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мен Парламенттің дағдарысқа қарсы шараларды заңнамалық қамтамасыз ету барысында атқарып жатқан жұмыстары туралы түсінік жұмыстарын жүргізді.
Осы сапар аясында депутаттар «Жол картасының» жергілікті жерлерде орындалуына айрықша көңіл бөліп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың көріп жатқан шараларының ең алдымен еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандырып, оң нәтиже бергенін атап отыр.
Фракция мүшелері құрылысы биыл аяқталатын нысандарды аралады, сондай-ақ 2010 жылға арналған «Жол картасының» жобасын талқылаған жиналыстарға да қатысты.
Партия басшылығы қойған міндеттерді орындай келе, депутаттар мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы атқарылып жатқан іс-шаралар туралы ақпаратты жеткізе білді. Олар 300-ден аса елді мекенге барып, шамамен 97 мың адамды қамтыған 800-ден аса кездесулер өткізді.
Кездесулерге соғыс және еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, кәсіпорындардың жұмысшылары, бюджет саласы қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, партияның өңірлік және аумақтық филиалдарының басшылары және «Нұр Отан» ХДП қатардағы мүшелері, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Халықпен өткен кездесулер «Жол картасының» тиімділігін аңғартты. Сайлаушылар қабылданған шаралар мен Елбасының келесі жылы уақытша емес, тұрақты жұмыс орындарын құру туралы Үкіметке берген тапсырмасына ризашылықтарын білдірді.
Жастар ұйымдарымен өткен кездесулер барысында, олардан ортақ тиімділік пен нәтижелілікті арттыру мақсатында «Жол картасы» мен ауылдық жерлердегі жастар құрылыс бригадаларының жұмыстарын өзара үйлестіру қажеттігі туралы ұсыныстар түсті.
Аталмыш кезеңде депутаттар азаматтардың 1800-ден артық өтініштері келіп түскен партияның қоғамдық қабылдауының жұмыстарына да айрықша көңіл бөлді. Бірқатар мәселелерді кейіннен депутаттық сауалдар арқылы тиісті республикалық құрылымдар деңгейінде шешу үшін өз бақылауына алды.
Депутаттардың қатысуымен өткен іс-шаралар мен кездесулер оң қоғамдық пікір туғызды. Жергілікті телеарналардың күнделікті жаңалықтарында, облыстық, аудандық газеттердің әр нөмірінде депутаттар атқарып жатқан жұмыстар туралы арнайы материалдар беріліп отырды. Сондай-ақ бұндай ақпараттар республикалық баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында да жеткілікті дәрежеде берілді.