17:26, 04 Маусым 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП ХІІ съезі шешімдерін орындауға бастауыш партия ұйымдары да атсалысатын болады
ОРАЛ. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезі шешімдерін орындауға бастауыш партия ұйымдары да атсалысатын болады.
Бұл туралы съезге қатысқан БҚО-ның Тасқала ауданы Достық ауылдық округінің әкімі Ганмирлан Тұрғанәлиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның сөзі бойынша, «Нұр Отан» партиясы өткен 10 жыл ішінде қоғамымыз бен еліміз дамуының жасампаз тірегіне айналып, әлемдік дағдарысты еңсеру мен экономикамызды дағдарыстан кейін дамытудағы басты міндеттерді айқындап берді. Бұл үлкен форум барлық «нұротандыққа», соның ішінде, облыс пен ауданның солтүстік-батыс шекарасында орналасқан Достық ауылдық округіндегі партия мүшелеріне, жалпы еңбек етіп жүрген халыққа тың серпін берді. Округте 1084 тұрғын халық болса, оның 104-і - «Нұр Отан» партиясының мүшесі.
Достық ауылдық округінде де әлеуметтік салада үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Айталық, бес отбасы АӘК алса, 53-і балалар жәрдемақысын алуда. Округтегі 29 мүгедек пен 94 зейнет жасындағы адам да ауыл әкімінің және бастауыш партия ұйымының үнемі назарында.
Бюджеттен 21 млн. теңге қаржы бөлініп, Семиглавый Мар орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілді. Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесі болу керек, биылғы жыл басында Достық ауылындағы бастауыш партия ұйымы облыстағы 14 бастауыш партия ұйымы (БПҰ) қатарында «Ең үздік БПҰ» атты байқаудағы үздік нәтижесі үшін деген дипломмен марапатталды.
Округ экономикасында ауыл шаруашылығы нысандары елеулі орын алады. Он екі шаруа қожалығы былтыр жақсы көрсеткіштерге қол жеткізсе, биыл да 7000 га жерде дәнді дақыл екті. Округ аумағында алты кафе, төрт дүкен халыққа қызмет көрсетуде.
Басқа да сан алуан жұмыстар ауылдық округ әкімі және БПҰ-ның басты назарында болмақ.