11:35, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП ХІІ съезі шешімдерін жүзеге асыруға ауылдағы партия мүшелері де белсене атсалысатын болады
ОРАЛ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезі шешімдерін жүзеге асыруға ауылдағы партия мүшелері де белсене атсалысатын болады.
Бұл туралы осы съезге қатысқан БҚО-ның Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылдық округінің әкімі Бақытжан Оразғұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, елордаға алғаш аяқ басқан өзі бұл сапардан ерекше әсер алған. «Астана өзінің сән-салтанатымен бір көргеннен-ақ ұнады. Биік те, зәулім ғимараттар төменнен қарасаң, басыңдағы тымағың алшысынан түскендей.
Ал Елбасының өзін көріп, сөзін тыңдау бір мәртебе болды. Съезд өтерден бір күн бұрын қаланы аралап, Тәуелсіздік бейнесі ? «Бәйтеректе» болдық. Президент мұражайын аралап, Үкімет үйінде министрлермен кездестік. Бәрінен бұрын Елбасы алға қойған жеті басым бағыттағы ауыл шаруашылығын дамыту және оның өнімдерін өңдеу жұмысының ең алдымен аталуы осы саланың маманы ретінде менің көңілімнен шықты. Біздің өңір мал шаруашылығымен айналысатындықтан, бұл мәселеге бұрынғыдан да жіті қарайтын боламыз», деді ол.