«Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы «100 мектеп, 100 аурухана» және «Жол картасы» негізінде салынған құрылыстардың сапалы болуын жыл бойы бақылады

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекет қаржысына салынған аталмыш бағдарламалар аясында күрделі жөндеуден өткен нысандар мен жолдардың тиімді әрі сапалы болуы нұротандықтардың жіті назарында болды.
Партияның жер-жердегі филиалдарында бақылау бөлімшелері ашылып, фракция депутаттары мектеп пен аурухана ғимараттарының құрылысын қадағалап отырды.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алқажан Еділхан жыл басында партия аймақтағы барлық құқық қорғау органдарымен меморандумға қол қойысқандарын, осы құжат шеңберінде көп шаруалардың атқарылғанын айтады.
«Тексеру нәтижесінде сапасыз құрылысты тоқтаттырып, олқылықты уақытында ауыздықтап отырдық», деді Алқажан Еділхан.
Сапаны арттыру мақсатында көрші Атырау облысы мен маңғыстаулық нұротандықтар бір-бірімен келісімге келіп, екі облыста тексеріс жүргізді.
Мәселен, Атырау облысының белсенділері біздің аймақтағы құрылыс нысандарын араласа, маңғыстаулық тексеруші топ Атыраудағы мемлекет қаржысына салынып жатқан нысандарды бақылады.
Нұротандықтар бұл істің үлкен жеміс бергенін айтып отыр.
Маңғыстау облысы бойынша биылғы жылғы қорытындыны «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Азат Перуашев қанағаттанарлық деп бағалайды.
«Облыс басшыларының жүргізген саясаты бұл жеке бір көрсеткіш емес, бұл Елбасының тапсырмасы. Сондықтан облыс жетекшілері сол Елбасының тапсырмасын лайықты түрде атқарып, осындай жақсы жетістіктерге, нәтижелерге қол жеткізуде. Сондықтан мен өз тарапымнан саяси кеңес мүшесі ретінде осы партияның облыстық филиалының жұмысына оң баға беремін», деді А.Перуашев.