17:41, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП-ның Мәжілістегі фракциясы Төралқасының отырысында Елбасы тапсырмасына орай іс-шаралар жоспары мақұлданды
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракциясы Төрағасының орынбасары Владимир Нехорошевтің төрағалық етуімен фракция Төралқасының отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыста Қазақстан Республикасы Президенті, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың 2009 жылғы мамырдың 15-дегі «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХІІ съезінде қойған міндеттерді орындау жөніндегі «Нұр Отан» ХДП Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының іс-шаралар жоспары мақұлданды. «Елбасы Н. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының Орталық комитетінің, филиалдары мен фракциясының алдына үлкен міндеттер жүктеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі заңдарды күшейтуді тапсырды», - деді В.Нехорошев. Отырыста «Нұр Отан» ХДП-ның Мәжілістегі фракциясы әзірлеген іс-шаралар жоспары бойынша фракция Төралқасының мүшелері пікірлерін ортаға салды.Сондай-ақ партияның 2009-2012 жылдарға арналған іс-қимылдары стратегиясына сәйкес жұмыстардың басты бағыттары айқындалды.Дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде бөлініп жатқан мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі партиялық комиссияны басқарып отырған ҚР Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсованың комиссия жұмысының нәтижелері туралы ақпараты тыңдалды. Партияның комиссиясы 2009 жылдың қаңтарынан бергі мерзімде 8 отырыс өткізген, 4 мыңнан астам өтініштер қаралған және екінші деңгейдегі банктердің қызметіне қатысты, оның ішінде ипотекалық несиені қайта қарау мәселелері бойынша 800-дей адам қабылдауда болған. Талқылаудың қорытындысы бойынша 2009 жылғы маусым айында дағдарысқа қарсы бағдарламаны орындау барысы туралы мәселе қаралатын «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген жиналысын өткізу туралы шешім қабылданды.