«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары жастармен жұмыс жайын тілге тиек етті
Көкшетау қаласында салынып жатқан «Енки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кірпіш зауытына ат басын тіреген лауазым иесі жаңа жобаның іске асырылуымен танысып, патриялық бақылау бекетінде болып, ұжыммен жүздесті. Кірпіш зауыты жылына 60 миллион дана түрлі-түсті кірпіш шығармақ. Өнімнің 70 пайызы отандық құрылыс алаңдарына, қалғаны жақын шетелге жөнелтілмек. Мұнда 250 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жобаға 40 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылып отыр.
Іссапарын өңірдің Зеренді ауданында орналасқан «Сұңқар» сауықтыру орталығында жалғастырған партия Төрағасының бірінші орынбасары осындағы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа кіріскен жас мамандармен кездесіп, пікір алмасты. Өңірде соңғы екі жылда 73 жоғары білімді жас маман қызметке қабылданып, әрқайсысына 90 мың теңге әлеуметтік көмек көрсетілген, ал 8-іне жайлы пәтер алуына жеңілдетілген несие ретінде 6 мың АҚШ долларындай қаржы бөлініп отыр. Қазіргі кезде аудан мұғалімдермен толық қамтылса, әлі де 37 дәрігер қажет. Жиналғандар алдында сөз алған Нұрлан Нығматулин Елбасы жүктеген міндеттерді орындауда жастар рөлінің ерекше екенін атап өтті. Олардың қатарында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру, Астанада болатын ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары қатысатын Саммит, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы сынды ірі саяси оқиғаларға дайындық барысы тілге тиек етілді. Сонымен қатар, жасотандықтар жастар қанатының мүмкіндігін одан әрі нығайтуға, еліміз жастарын кең көлемде қамту керектігіне баса назар аударды. «Нұр Отан» партиясы «Жастар Отанға», «Жастар кадрлық резерві», «Қазақстанда жасалған», «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі», «Дипломмен ауылға» сынды маңызды жобалардың кең қолдау тауып отырғандығын жеткізді. Кездесу аясында жастар жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, жастар шығармашылығына қамқорлық жасау, жас өндірісшілерге партиялық көмек көрсету, жас отбасыларды жайлы үймен қамтамасыз ету жайындағы сауалдарына нақтылы жауап қайтарылды.
Іс-шараға облыс әкімі Сергей Дьяченко қатысып, бірқатар сауалдарға өз көзқарасын білдірді.