19:43, 24 Қазан 2012 | GMT +5
«Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық филиалы футболдағы келісілген ойындар үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынады
ТАРАЗ. 24 қазан. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық филиалының жемқорлыққа қарсы кеңесі қазақстандық заңнамаға футболдағы келісілген ойындар үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынады.
Бұл ұсыныс елдің жемқорлыққа қарсы заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша бүкілхалықтық талқылау шеңберінде айтылды.
«Спорттың бұл түрінде үлкен ақша айналуда, оның бюджеттік қаражат екенін атап өту керек. Футболдағы жемқорлық бұл ойынның дамуына тежегіш болуда. «Келісушіліктер» біріншіден клубтардың бюджеті бойынша соғады, ал бұл мемлекеттік бюджет деген сөз. Заң жобасына келісілген ойындар ұйымдастыру үшін жауапкершілікті енгізу керек екені сөзсіз», - дейді «Нұр Отан» ХДП Жамбыл облыстық филиалының жемқорлыққа қарсы кеңесінің мүшесі Игорь Неволин
Жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшелері аталған бастаманы қолдап, оны елдің Парламентіне талқылауға енгізбекші.