«Нұр Отан» өз қызметін 7 бағытта өрбітпек

Жиын барысында негізгі баяндама жасаған ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың атап өтуінше, партия тұғырнамасында біріншіден, жалпы ішкі өнімнің нақты өсімін орташа 6-8 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету көзделген. Дегенмен, 2012 жылы алдын ала бағалау бойынша ЖІӨ өсу қарқыны 5 пайызды құрады, бұл іс-шаралар жоспарында көрсетілген деңгейден 1 пайызға кем. Оған әлемдік экономиканың өсу қарқынының төмендеуіне байланысты тау-кен және металлургия өндірісі өнімдеріне сыртқы сұраныстың қысқаруы, өсімдік шаруашылығының жалпы өнімі өндірісінің 27,7 пайызға және 81 млн. тоннаға жоспарланған мұнай өндірудің 79,2 млн тоннаға дейін төмендеуі негізгі себеп болған. «Ортамерзімді кезеңдегі болжам туралы айтатын болсақ, 2013-2017 жылдары экономиканың нақты өсуі жылына 6-7,6 пайызға болжануда. Бұл 2018 жылға қарай ЖІӨ жан басына шаққанда 20 мың АҚШ долларынан астам өсуін қамтамасыз етеді»,- деді министр.
Екіншіден, инфляцияның өсуіне жол бермеу және оны жоспарланған 6-8 пайыз деңгейде ұстап тұруға баса назар аударылған. Үкіметтің және Ұлттық банктің инфляцияға қарсы саясаты оны жоспарланған шамада сақталуына мүмкіндік берді. Жылдық мәндегі инфляция өткен жылы 6 пайызды құрады. Үкімет шаралары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуін шектеуге, ішкі нарықта бәсекелестікті дамытуға, бағалық ымыраластыққа және жосықсыз бәсекелестікке қарсы күреске, сауда ифрақұрылымын дамытуға бағытталды.
Үшіншіден, ЖІӨ болжамды мәнінің 20 пайызы мөлшерінде ұлттық қордағы азайтылмайтын қалдықты ескере отырып, қаражатты Ұлттық қорда жинақтау саясатын жалғастыруға мән берілді. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысына сәйкес Ұлттық қордың жалпы қаражаты 68,9 млрд АҚШ долларын құрады.
Министрдің атап өтуінше, өткен жылдың негізгі оқиғасы «Халықтық IPO» бағдарламасын өткізу болды. IPO-ға шыққан бірінші шыққан «ҚазТрансОйл» АҚ компаниясының акциясына 34 мыңнан астам Қазақстан азаматы иелік етті. «2013 жылы «KEGOC», «Самұрық-Энерго» және «ҚазТрансГаз» компаниялары бағдарламаның қатысушылары болуы мүмкін. Қазіргі уақытта ҚР Үкіметі, «Самұрық-Қазына» қоры және компаниялардың өздері акцияларды орналастырудың оңтайлы мерзімін, құрылымын және өзге де параметрлерін айқындайтын тиісті жұмыстарды жүргізуде»,- деді Е.Досаев.
Беделді «QS» рейтингіне еліміздің 8 жоғары оқу орны кірді
«Нұр Отан» партиясы тұғырнамасының 27-тармағы бойынша жауапты орындаушы болып саналатын Білім және ғылым министрлігі аталған бағыттағы жұмыстарды толығымен орындауда. Мектепке дейінгі білім бойынша біз жоспарды мерзімінен бұрын орындап отырмыз. Қазірдің өзінде балаларды қамту 71,5 пайызды құрайды», -деді келесі кезекте сөз алған Б.Жұмағұлов.
Білім министрінің атап өтуінше, бұл көрсеткішке мемлекеттің қаржысы есебінен ғана емес, сонымен қатар жекеменшік капиталды тарту арқылы қол жеткізілген. Ендігі уақытта ведомство партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылы балабақшамен 100 пайыз қамту туралы тапсырмасын іске асыруға кіріспек. Ал орта білім жүйесінде Кембридж бағдарламасы бойынша мұғалімдер біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі құрылған. Қазірдің өзінде 8 мың мұғалім біліктілігін арттырды. Олар жалақысына айтарлықтай қосымша ала бастады. 2015 жылға дейін 120 мың педагог біліктілігін арттыратын болады. Елімізде Назарбаев зияткерлік мектептерінің саны артуда. Қазіргі уақытта осындай 11 мектеп жұмыс істеуде. Олардың тәжірибесі Қазақстанның барлық мектептеріне таратылатын болады. «Қазіргі уақытта кең жолақты интернетке мектептердің 50 пайызы қосылған. «E-Learning» жобасын дамыту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін аталған жобаға 581 білім беру ұйымы тартылды», - деді ол.
Б.Жұмағұловтың атап өтуінше, жоғары білім саласы бойынша да ауқымды жұмыстар жасалуда. Беделді «QS» рейтингіне еліміздің 8 жоғары оқу орны кірген. Базалық 18 жоғары оқу орнында және инновациялық бағыттағы университеттерде Назарбаев Университетінің тәжірибесін тарату жұмыстары жүргізілуде. «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданды. Ол биылдан бастап тәжірибеге енгізілетін болады.
Еліміздің аграрлық азық-түлік тауарлары экспорты 1,6 есе артты
Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің атап өтуінше, алдын ала мәліметтерге сәйкес 2012 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл өнеркәсібі кешенінің жалпы қосылған құны 109 пайызға ұлғайған. Ал жоспар 103,9 пайыз болатын. «Өткен жылы қуаңшылықтың салдарынан жалпы ауыл шаруашылығы өнімнің төмендегенін ескерсек, ауыл шаруашылығының еңбек өнімділігін жоғарылату бойынша көрсеткішке қол жеткізе алмадық. Өткен жыл бойынша ауыл шаруашылығының еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 3 мың АҚШ долларына болжанып отыр. Әлі нақты мәліметтер жоқ. Жоспар 4,2 мың АҚШ доллары болатын», - деді ол.
Оның атап өтуінше, жалпы экспорттың көлеміндегі аграрлық сала экспортының үлесі жылдық жоспар бойынша 5,4 пайыз көлемінде белгіленген. Ал бұл көрсеткіш 2012 жылдың қаңтар-қараша айларында 3,4 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш бойынша да жоспарға қол жеткізбеу қаупі бар. Дегенмен жалпы экспорттық көлемде ауыл шаруашылығы тауары экспортының үлесі өспегенімен, абсолюттік мөлшерінің күрт артуы байқалады. 2012 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық аграрлық азық-түлік тауарлары экспортының жалпы көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 1,6 есе артып, 3,128 млн. АҚШ долларын құраған. 2012 күнтізбелік жылда астық экспорты астыққа шаққандағы ұнды қоса алғанда 11 млн. тоннаны құраған. Бұл тәуелсіздік жылдарындағыҚазақстанның астық
экспорты бойынша рекордтық көрсеткішіне тең. «Ал маркетингтік жылды есептейтін болсақ, 2011 жылдың қыркүйегінен 2012 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта бұл көлем 12,6 млн. тоннаны құрайды», - деді А.Мамытбеков.
«Нұр Отан» өз қызметін 7 бағытта өрбітпек
Үкімет отырысында қорытынды сөз сөйлеген «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Партия Төрағасының жүргізіп келе жатқан саясатының арқасында «Нұр Отан» халықтың сенімін ақтауға бар күшін салатын «нақты істер партиясы» деген атауға лайық екенін дәлелдеді. Сондықтан да елдің болашақ тағдыры үшін жауапты билік партиясы «Нұр Отанның» алдында «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-әрекеттер жоспары» сайлауалды тұғырнамасында берілген барлық уәделеріміздің толығымен іске асырылуын қамтамасыз ету жауапты міндеті тұр», - деді.
Оның атап өтуінше, алдағы уақытта пария өз қызметін, нақты іс-шаралар арқылы «Қазақстан-2050» стратегиясын насихаттау жұмысын күшейту, жалпы мемлекеттік өңірлік саясаттың жетілдірілуі аясында партияның аймақтарындағы қызметін нығайту, ғаламтордағы жұмысты жүйелі түрде күшейту, партияның үкіметтік емес ұйымдармен өзара байланысын барынша ширату, партияның өз қызметінің тиімділігін мейлінше арттыру, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың мемлекет өміріне, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылауға кеңінен қатысуын қамтамасыз ету және партия Төрағасы тапсырғандай, атқарушы билік органдарына бақылауды жүйелі түрде күшейту сынды негізгі жеті бағытта өрбітетін болады.
«Бүгінгі кеңес көрсеткендей, сайлауалды тұғырнаманың іске асырылу барысы жалпы жаман емес. Бір жылдың нәтижелері бойынша осындай жиын өткізіліп отырғаны аса маңызды. Талқылау негізінде партия қауіп-қатерлер жүйесін енгізіп, тұғырнаманы жүзеге асырудағы кемшіліктерді айқындайтын болады. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Саяси кеңес бюроларының отырыстарында мұндай бағыттар бойынша мемлекеттік органдардың басшыларын тұрақты түрде тыңдайтын боламыз. Сонымен қатар қазіргі кезде біз партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес жаңа доктринаны әзірлеу жөніндегі жұмысты бастағанымыз жайлы хабардар еткім келеді. Стратегиялық маңызы бар осы құжатта билік партиясының миссиясы мен ХХІ ғасырдағы Қазақстанның жетістіктерін қамтамасыз ететін құндылықтары айқындалған. Доктрина сондай-ақ, 2050 жылға дейінгі стратегияның іске асырылуын және Елбасы бағыт-бағдарының мызғымастығын қамтамасыз етеді. Осы құжат өңірлерде партия мүшелері арасында, соның ішінде салалық бірлестіктермен, одақтармен кеңінен талқыланатын болады», - деді Бауыржан Байбек.
Отырыс соңында Премьер-Министр Серік Ахметов «Нұр Отан» ХДП хатшылығына бір ай ішінде Ұлттық іс-қимыл жоспарын толықтыруға байланысты ұсыныстар енгізуді тапсырды. «Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп бір ай мерзім ішінде «Нұр Отан» ХДП хатшылығына Ұлттық іс-қимыл жоспарын толықтыруға байланысты ұсыныстар енгізсін»,-деді С. Ахметов.
Бұдан бөлек, Премьер-Министр бір апта ішінде Үкіметке партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру барысы туралы мониторингін жақсарту бойынша Мемлекет басшысының атына жолданатын хаттың жобасын енгізуді жүктеді.