«Нұр Отан» партиясы бағдарламалардың орындалуына қатаң бақылау жасап, ол бойынша Мемлекет басшысына тікелей ұсынымдар жасайтын болады - Н. Нығматулин
Бүгін «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін ҚР Премьер-Министрінің баяндамасында да, депутаттардың сөз сөйлеуінде де қатаң бақылау жасау жұмысына қатысты мәселелер көтерілді. «Нұр Отан» ХДП-да бұл шараларды қамтитын түрлі комиссиялар, қоғамдық кеңестер жеткілікті екендігін білесіздер. Бұдан бөлек, басқа да диалогтық алаңдар баршылық. Осы «алаңдарда» бағдарламалардың жүзеге асу қорытындылары талқыланатын болады. Оның ішінде бұл жиындарда кез-келген мемлекеттік органдар басшылары, ұлттық компаниялар жетекшілері шақырылып, олардың бюджет қаражатын қалай жұмсағандары талқыланады. Қорытындысы бойынша біз Мемлекет басшысына ауқымды бюджет қаражатын жұмсап отырған ведомства басшысы туралы ұсынысымызды жолдайтын боламыз. Бұдан бөлек қадамдар болмайды. Ендігі күні ешқандай да меморандумдар арқылы іс бітіру деген болмайды», деді Н. Нығматулин.
Төраға орынбасарының айтуынша, жиын барысында талқыланған барлық мәселелерге, яғни Елбасы тапсырмаларының орындалуы туралы партияның қатаң қадағалауы жүзеге асатын болады.