15:26, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
«Нұр Отан» партиясы мен қоғамдық ұйымдар Әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойды
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін елордада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы қоғамдық бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен экономикалық дағдарыс жағдайларында әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Келісім құжатына Қазақстанның азаматтық альянсы, Кәсіподақтар федерациясы, Ардагерлер кеңесі, Іскер әйелдер қауымдастығы, Республикалық әйелдер кеңесі, Қазақстандағы Ауған және локальды соғыс ардагерлерінің кеңесі, Тұтынушылардың ұлттық лигасы, «Атамекен» одағы» экономикалық палатасы, Бас редакторлар клубы, Студенттер альянсы және т.б бірлестіктердің жетекшілері өз қолдарын қойды. «Бәрімізге керегі ? ауызбіршілік. Қазір бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдастыруды бірге жүргізу қажет. Қазақстан кәсіподақтары федерациясына 2 млн. 47 мың адам мүше болып есептеледі. Сондықтан да біз өзіміз жергілікті жерлердегі, облыстардағы салалық, бастауыш ұйымдарына арнап «Дағдарысты бірлесе жеңеміз!» деген ұранмен үндеу жарияладық», деді Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев. «Елбасы дағдарыс кезінде күшімізді біріктіруге, тәуелсіздік атты негізгі құндылығымыздың маңында топтасуға үндеді. Дағдарысқа қарсы бағдарлама қандай мінсіз болмасын оған ұлттың негізгі бөлігі күш салмаса, біріге алмаса ол орындалмайды. «Меморандум» сөзінің өзі грек тілінен «еске салу» дегенге саяды. Бұл алға жылжу керек екендігімізді, біріге күш салуымызды еске салып отыр. Және ондай істерге қоғамдық ұйымдар дайын», деп атап көрсетті Қазақстанның азаматтық альянсының төрайымы С.Соловьева.