«Нұр Отан» партиясы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне марапат жасады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Н. Нығматулин соғыс ардагерлеріне құрмет көрсете отырып, тәуелсіз Қазақстанның даңғыл даму жолына түсіп, бүгінгі бейбіт өмірдің орнағанына қарт ардагерлердің арқасы екендігін ерекше атап өтті.
«Сіздердің батырлықтарыңыздың арқасында, ерліктеріңіздің арқасында біздің еліміз үлкен Жеңіске қол жеткізді. Соғыстан кейін де сіздердің ерен еңбектеріңіз Қазақстанды даму жолына түсіріп, бүгін тәуелсіз ел атанып жатқандығына зор септігін тигізді», деген Н. Нығматулин, «сіздердің ерліктеріңіз үшін, батырлықтарыңыз үшін шын жүректен рахметімізді айтамыз. Бұл ерлік бүгінгі жастарымызға үлкен үлгі», деп түйіндеді.
Ардагерлер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, «Нұр Отан» партиясына әр қашан да ардагерлерге назар аударып, көмек көрсетіп, қамқор болып жатқанына алғыстарын білдіріп жатты.
«Бүгінгі жаймашуақ күн сол бір 1945 жылдың көктемін, біз елге оралып, алғашқы және ең құнды медальдарымызды тағынған сәтке ұқсап тұр. Бұл ең бір шаттыққа толы кез еді. Жеңістің 65 жылдығын тойлау барысында, жастарымыз және барлық қазақстандықтар осы бір шат-шадыман күйді сезінсе екен деймін», дейді соғыстан кейін көп жылдар бойы павлодарлық басылымда журналист болып қызмет атқарған ардагер Моисей Гольдберг.
«Нұр Отан» партиясы үнемі соғыс ардагерлеріне көмек көрсетілетін шараларға, акцияларға бастама көтеріп отырады. Патриоттық шаралар, бабалар мен аталардың күрескерлік ерліктерінен сыр шертетін кездесулер ұйымдастырылады. Жиында құттықтаулар мен тілектер айтылып болған соң, ардагерлерге «Нұр Отан» ХДП-нің атынан естелік сыйлықтар табысталып, дастархан жайылды.