«Нұр Отан» партиясында бағалардың өсіміне «ықпал» етіп отырған қадағалаушы органдардың жұмысын бақылайтын қоғамдық кеңестер құрылады

Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінде партияның аймақтардағы барлық филиалдарымен өткен бейне мәжілісте мәлім болды.
Ағымдағы жылдың 17 сәуірінде өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев жекелеген азық-түлік өнімдерінің ішкі нарқы монополияланып, олар ашық түрде алыпсатарлардың қолына көшіп бара жатқанын айтып, Үкімет пен басқарушы партияға бірқатар тапсырмалар берген болатын. Олардың арасында аграрлық нарықты дамыту мәселесі де бар. Себебі, өзге емес, бас қаланың тұрғындары нан-тоқаш өнімдерінің сапасына көп сын айта бастады. Бүгінгі кеңес Елбасының тапсырмаларын орындауға арналды.
«Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков атап көрсеткендей, облыс орталықтары, Астана және Алматы қалаларындағы ірі сауда орталықтары мен базарларда азық-түлік өнімдерінің бағасына мотиторинг жүргізетін қоғамдық кеңестер құрылатын болады. Оның құрамына мәслихат депуттары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, БАҚ, ҮЕҰ және тәуелсіз сарапшылар енеді.
«Ең алдымен, Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар 18 азық-түлік өнімінің бағасы шұғыл әрі объективті мониторингіленеді. Ұйымдастырылып отырған партиялық бақылаудың алдыңғы мақсаты - мемлекеттік органдар мен бағаны қалыптастырып, реттейтін құзырлы тұлғалар жұмысының тиімділігін арттыру, атқарылған қызметтік міндеттеріне жауапкершілікті күшейту. Азық-түлік нарығында бағалардың негізсіз көтерілуіне және алыпсатарларға жол бермеуіміз керек», - дейді ол.
Кеңес Бәсекелестікті қорғау агенттігінің аймақтардағы ведомстволарымен, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ, санэпидстансы және құқық қоргау органдары - прокуратура, қаржы полициясы, ішкі істер ведомстволарымен қоян-қолтық жұмыс жасайтын болады.
Б.Рахымбековтың сөзіне қарағанда қоғамдық кеңестермен бірге сондай-ақ, партиялық бақылау бекеттері құрылмақ. Азаматтармен кері байланыс орнату мақсатын тұтқан партиялық бақылау бекеттерінің құрамы партияның белсенді және белді мүшелерінен, мәслихат депуттарынан, ардагерлер, БАҚ және ҮЕҰ өкілдерінен жасақталатын болады. «Нұр Отан» партиясына Астана қаласындағы бекеттерде жұмысты жүргізуге Қазақстанның Коммунистік партиясы мен «Әділет» партиясы қолғабыс етуге әзірліктерін білдірді. Бұл бағыттағы жұмыстарды реттеу және қадағалау партияның мәслихаттағы фракциясына жүктелді.
Онымен бірге, партияның өңірлік филиалдарының жанынан шұғыл әрекет ететін рейдтік топтар да құрылады. Олардың жұмысы келіп түскен шағымдар мен фактілерге дереу әрекет етуге негізделетін болады.
Партия өкілінің айтуынша, қазір нарық заманында бағаларға ықпал ету оңай емес. «Бірақ біз алыпсатарларға тосқауыл бола аламыз», - дейді ол. Оның пікірінше, азық-түлік өнімдерінің бағалары сөрелерге жеткенге дейін қадағалаушы органдардың «ықпал етуімен» 30 пайызға дейін еселенеді. Партия кәсіпкерлерге заңсыз қосымша «салық» салып отырған ауыл инспекциялары мен санитарлық эпидемиологиялық қызметтерден бастап барлық қадағалаушы органдардың әрекетіне тосқауыл қоюды көздеп отыр.