«Нұрбанк» банкоматтарына қатысты мәселені түсіндірді

«Біз банктегі төлем карталарымен қызмет көрсету сапасын және қауіпсіздікті арттыру бойынша жұмыстар жүргізе бастадық. Бірінші кезеңді сәтті аяқтадық. Қазір карточкамен жасалынатын барлық операциялар түрлерін банкоматпен, pos-терминалмен жасауға болады. Жуық арада олар басқа да банктерде, соның ішінде шетелдегі бөлімшелерде қайта іске қосылады. Нақты уақытын қосымша хабарлаймыз», - деді Айгүл Қасенова ҚазАқпарат тілшісіне.
Оның айтуынша, қазірше тек «Нұрбанктың» банкоматтары мен pos-терминалдары жұмыс жасап жатыр. Ал, басқа банктерде ақаулар орын алуда. Кейбір банкоматтардан ақша шығаруға мүмкіндік болса, кейбірінен pos-терминалдар арқылы төлем жасауға болмай тұр.
Айгүл Қасенова бірнеше күннен бері ақаулар болып жатқанын, алайда ақша шығару мен жіберуге мүлдем тыйым салынбағанын тілге тиек етті.
Бұрын әлеуметтік желі қолданушылары «Нұрбанк» банкоматтарының дүйсенбіден бері жұмыс жасамай тұрғанын айтқан еді. Кейінірек, олар іске қосылды, бірақ онлайн-төлемдер жасау мүмкін болмады.