Нұрбанк жоғары технологиялы сервиске инвестиция құюды тоқтатпайды - Басқарма төрағасы
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қаңтардың 1-інде банк активтері - 295 миллиард теңге, жеке капиталы - 45 миллиард теңгені құрады. Ал былтырғы жыл басындағымен салыстырғанда таза табыс мөлшері 633 миллион теңгеге артты. Банк нарықта несиелендіру көлемінің төмендегеніне қарамастан, халық пен бизнес құрылымдарына несие беруді жалғастырып, несие қоржынын 261 миллиард теңгеге жеткізді. Оны банк басшылары өз қызметтеріндегі ең үлкен жетістігі санайды.
«2009 жылы сәуірде 100 миллион долларлық біріктірілген несие мерзімінен бұрын өтелді. Соның арқасында банк өзінің сыртқы қарыздарын толықтай төлеп болды. Қорландыру құрылымының 61 пайызын - депозит, 15 пайызын - капитал, 8 пайызын - еуробондтар, 8 пайызын -теңгемен салынған облигациялар, 8 пайызын -банкаралық заемдар құрайды. Есеп беру кезеңінде сауда-саттықты қаржыландыру бойынша банктер мен жекелеген қаржылық операциялармен айналысатын ұйымдардан алынған 7,5 миллиард теңге заем; халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған 110,2 миллион теңге, документарлы есеп айрысу бойынша 8,7 миллиард теңге қарыз өтелді», дейді «Нұрбанк» АҚ-ның Басқарма төрағасы М. Зайыров. Оның айтуынша, банк сапа тұрғысынан дамуға бет бұрған. Клиенттерге барынша жағдай жасап, олардың сенімін ақтауға мүмкіндік беретін жоғары технологиялы сервиске инвестиция құюды тоқтатпайды. Қазақстан банктерінің арасында төлем кәртішкелерінің қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық PCI DSS v.1.2 стандартына сәйкестік сертификатын алуы кездейсоқтық емес. Мұның өзі Нұрбанктің республикадағы банктік қызмет нарығында жетекшіге айналуды діттеп, нәтиже үшін жұмыс істейтінінің айғағы бола алады.