«Нұрлы жол» алыс аудандарға да жетсе екен - Қ.Таушанбаев, БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы биылғы Жолдауында басқа да салалармен қатар көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың да жолдарын көрсетті. 2050 жылға дейін шағын және орта бизнес үлесін ішкі жалпы өнімнің 50 пайызына дейін жеткізу міндеті қойылды. Осы орайда кәсіпкерлерге де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
None
None

Бұл туралы «Қазақстан - Елім» ЖШС директоры Қуан Таушанбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, кәсіпкерлерге қолдау осыған дейін де аз болған жоқ. Айталық, өзі 2011 жылы жолаушы тасымалымен айналысатын серіктестік құрып, 7 адаммен іске кіріскен еді. «Көз қорқақ, қол батыр» деген осы, оның үстіне мемлекет көмектесті. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы қолдау жасалып, әрқайсысы 20 млн. теңге тұратын, жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған сегіз автобус сатып алды. Күні бүгін облысішілік 19 бағыт бойынша қызмет көрсетіліп, жолаушылар қалаған жерлеріне аман-есен жеткізілуде. Қызметкерлер саны 47-ге жетті. Мұның бәрі - Елбасының кәсіпкерлікті қолдауының нақты көрінісі. Әр азамат елінің өркендеуіне үлесін қосса, кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарын көбейтсе, Қазақстан әлемдік дағдарыстан оңай шығар еді.

«Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасы бізді жаңа биіктерге бастап отыр. Бұл бағытта облыста жол салуды әлі де жеделдете түсу керек. Биыл Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарының орталықтарына қатқыл табанды жол жеткенімен, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов, Жаңақала сынды шалғай аудандар мұндай игілікке қол жеткізе алмай келеді. Сол аудандарға автобустарымыз қатынайтындықтан, бұл мәселені жақсы білемін. Әсіресе, көктемгі және күзгі лайсаң уақыттарда жол жоқтықтан, алыс елді мекендер түгіл, сол аудандардың орталықтарына жету қиын. Бәрі бір-біріне себепші, жол нашар болғандықтан, көліктер де жиі сынып жатады. Осының бәрін дұрыс жоспарлап, жол құрылысына қажетті қаржыны алдағы жылдардың бюджетіне енгізу керек деп ойлаймын», деді кәсіпкер.

Соңғы жаңалықтар