«Нұротандықтар» «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысты көшпелі қабылдау өткізді - БҚО
Бұл шарада «Қазпошта» АҚ БҚО филиалының директоры Мағал Бекмағамбетов, құқық қорғау органдары, басқа да мекеме, ұйым басшылары тұрғындардың көптеген сұрағына жауап берді.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Тілек Ғабдушев сөз сөйледі. Жиналған жұрт «Қазына-Самұрық» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі, Ұлттық Банкі, Қазақстан Қор биржасымен бірігіп, оқыту-әдістемелік және презентациялық материалдары бар білім бағдарламасымен қызыға танысты.
Аудандық мәслихат депутаттары Мәлік Мұхтар, Светлана Оразова, ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Талғат Болатұлы, «Жас Отан» ЖҚ аудандық филиалының атқарушы хатшысы Біржан Кухаев қабылдауға келушілермен ұлттық компаниялардың өз акцияларын қор рыногына шығаруы, оны еліміздің азаматтары сатып алуы өркениетке құтты қадам екені туралы өз ойларымен бөлісті. Бағдарламаға қайсыбір тұрғынның да қатыса алатыны, ең алдымен, «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларының сатылымға шығарылатыны жайында баяндалды.
«Қазпоштаның» аудандық филиалының өкілдері хабарлағандай, брокерлік шот ашып акциялар сатып алуға тілек білдірушілермен жұмысқа дайындық ойдағыдай жүргізілуде. «Нұр Отан» партиясы филиалында IPO-ға байланысты барлық сұрақ қабылданып, жауап беруге жағдай жасалған.