«Нұрсұлтанның нұрлы мұнарасы»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір бума қағазы мен биіктігі метрден асатын макетін құшақтаған бұл кісінің аты-жөні Құрманбек Оңалбеков. Қазақстан қарулы күштерінің запастағы офицері, майор. Өз айтуына қарағанда, туризмді дамытуға күш салып жүрген көрінеді. Сол мақсатта «Нұрсұлтанның нұрлы мұнарасы» атты алып кешеннің макетін жасаған. Сәулет саласында ешбір тәжірибесі болмаса да, макетті өз қиялына сүйене отырып, бас-аяғы бір айдың ішінде ағаштан қиып жасап шығыпты. Және оны басқа емес, дәл Тараздың солтүстігінде орын тепкен, биіктігі 714 метр болатын Кіші Бурыл төбешігіне орнату керек дейді.
None
None

- Және сол төбеден жан-жағыңа көз салсаң, бүкіл қала алақандағыдай анық көрінеді, - дейді Қ.Оңалбеков. - Осы төбенің басында мұнара салынса, соның ішінен жас ұрпаққа бүкіл тарихымызды айтып беруге болады. Оның биіктігі - 70 метр. 63-ші метрінен бастап жан-жағы мөлдір шынымен көмкерілген алып күмбезі бар. Ортасында қазақтың 16 қанатты киіз үйі тігілген, оның айналасы бос алаңқай. Осы алаңқайдан бүкіл аймақ, айнала алақандағыдай анық көрінеді, сондықтан келушілер осы жерден қаланы тамашалай алар еді. Жалпы алғанда, бұл өзі кешенді құрылыс болмақ. Өз уақытымен осы төбешіктен ҚР Тұңғыш Президенті саябағына дейін монорельсті жол, ал, Құмжота ауылына қарай арқанды жол тарту керек.

Запастағы офицер, жалпы тынымсыз жан Құрманбек Оңалбеков мұнараның жобалық-сметалық құжатын, жалпы макетін бекерден-бекер өзі сызған жоқ. Идеясын тәжірибелі сәулетші мамандарға айтқан екен, олар «мені де автор ретінде тіркейсің» деп талап етіпті. Сондықтан, өз бетінше еңбектеніп, тер төгуге тура келген. Және бұл жобаны іске асырмай жаны тыным таппайтын да секілді. Сол мақсатта макетті бұрнағы жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаттары Бекболат Тілеухан, Амангелді Момышев, Камал Бурхановтарға көрсетіпті. Айтылған азаматтар идеяны қолдап, қуаттаған, дегенмен, қаржы жағын билік тарапынан қарастыру қажеттігін айтыпты.

Біздіңше, бұл идея тарихымызды әспеттеп, қадірлеу үшін, қалаға туристерді тартып, өңірдегі туризм саласын дамыту үшін өте қажет, аса өзекті жоба. Әр деталіне дейін алдын-ала ойластырылып, әдемі үйлесіммен жасалған. Бірақ, ол өзі қандай алып, үлкен болса, оған жұмсалатын қаражат та аз болмасы белгілі. Сондықтан, оған ең бірінші әлеуетті инвесторларды тарту керек. Десе де, ол инвестор қаражатының аз уақытта ақталатынына, бекер желге ұшпайтынына сенімді болған жағдайда ғана қаржы бөледі емес пе? Және сол инвесторларыңызды биліктің көмегінсіз тарту да мүмкін емес қой. Сондықтан, офицер мырзаның ойлап тапқан жобасын елге таныстыруды жөн деп таптық.

Соңғы жаңалықтар
Референдум