Облыс әкімдігі үкіметтік емес ұйымдармен меморандум жасасты - Қызылорда
Жиынды ашқан аймақ басшысы Қызылорда облысында бүгінгі таңда әр бағытта 700-ге жуық үкіметтік емес ұйымдардың, 11 ұлттық мәдени орталықтардың жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Аймақ басшысы өңіріміздегі саяси тұрақтылықты сақтауда, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында бұл қоғамдық ұйымдардың қосып жатқан үлесін жоғары бағалады.
«Қызылорда облыстық Азаматтық альянс» қауымдастығының төрайымы Дариға Ақмағанбетова өңір басшысының жұмысына сәттілік тілеп, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан билікпен бірлесе одан әрі қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Төрайымның айтуынша, 2009 жылдан бері облыс әкімдігі, «Азаматтық Альянс» және «Игілік» корпоративтік қоры арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылғалы 146 жоба өңірде жүзеге асыпты. 4 жыл ішінде 291,5 миллион теңге әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға жұмсалған.
«Игілік» қорпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Нұрмұрат Ерманов та өңірде жүзеге асып жатқан жобаларға қолдау көрсетуге, одан әрі әлеуметтік бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға көңіл бөлінетінін мәлімдеді.
Жиын соңында облыс басшысы өңірдің, елдің мүддесі үшін әділ, әрі жариялы жұмыс істеуге шақырды. Жобаларға жұмсалатын қаржы үнемі қоғамдық бақылауда болуы керектігін баса айтты.
Кездесуден кейін үш жақты бірлескен іс-қимыл мен әріптестік меморандумына қол қойылды.