Облыс әкімі қарт ардагерді құттықтады

АСТАНА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 66 жылдығын тойлау қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев облысымыздағы ең қарт Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Әнуарбек Сандыбаевтың үйіне барып, оны Жеңіс мерекесінің 66 жылдығымен құттықтап, оған деніне саулық, ұзақ ғұмыр тіледі, деп хабарлап отыр әкімнің баспасөз қызметі.
ӘнуарбекСандыбаев 1916 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, «Жалаңтөс батыр» ауылында туылған. 1938 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтын бітірген. Әулие-Ата МТС-інде агроном болып істеген.
1939 жылы әскерге шақырылып, Житомир қаласында 1 жылдық кіші лейтенанттар дайындайтын курсты бітірген. Соғыстың бірінші күнінен бастап шайқасқа араласып кеткен. 4 жыл майданда жүріп, Мәскеу түбіндегі шайқаста, Сталинград қырғынында, Украинаны, Венгрияны азат етуде ержүректік көрсетіп, Отан алдындағы азаматтық борышын аямай Жеңіс мақсатына жұмсаған. Австрия орталығы Венада жеңісті қарсы алған.
Соғыста взвод, полк, батарея командирі, дивизион бастығының көмекшісі сияқты жоғары офицерлік қызметтер атқарған.
Майдандағы ерлігі үшін: екі рет «Отан соғысы», екі рет «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Сталинградты азат еткені үшін» т.б. медальдармен марапатталған.
1947 жылы елге оралып, бірден бейбіт еңбекке араласқан. Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып бастап, Свердлов, Жуалы, Жамбыл аудандық партия комитеттерінде алғаш 2-хатшылықтан бастап, 28 жыл осы аудандарда 1-хатшы қызметін атқарған.
Еңбек майданында «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған. Жамбыл облысының «Құрметті азаматы», Соғыс және еңбек ардагері.
Ұл-қыздар өсірген. 5 немересі бар.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2011 жылдың 1 мамырындағы мәлімет бойынша облыста Ұлы Отан соғысының 632 ардагері, 10 321 тыл еңбеккері бар.