Облыс әкімі президенттік мильді жүгіріп өтті

Жиналғандарды мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақстан спортының сонау кеңес заманында да өзіндік орны болғандығын, ал тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі уақытта қаншама Әлем, Олимпиада, Азия чемпиондарымен қатар халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерінің тәрбиеленіп шығарылғандығына және спорт саласындағы осынау ірі табыста шығысқазақстандық спортшылардың да қосқан үлестерінің аса зор екендігін ерекше атап өтті.
Аймақ басшысы спортшылар қауымын құттықтап қана қоймай, Стрелкадағы Даңқ мемориалынан Славский жағалауындағы Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке дейінгі «Президенттік миль» деп аталатын 2,5 шақырымдық қашықтықты спортшылармен бірге өзі де жүгіріп өтті.
Ұл-қызы аралас үш жүзге жуық жас жеткіншек спортшылар мен олардың жаттықтырушылары, спорт мектептерінің басшылары, ардагер спортшылар қатысқан жаяу жарыста қарсыластарынан озып шығып, мәре сызығын қиған жиырма оқушы 10 қыз және 10 ер бала облыс басшысының қолынан бағалы сыйлықтар алды.