Облыс әкімі Теміртау қаласында жұмыс сапарымен болып қайтты
Келесі ат басын тіреген нысан - Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті болды. Серік Ахметов ЖОО-ның кейбір зертханаларының жұмысымен, оның ішінде оқытудың интерактивті құралдары мен автоматтандырылған жобалау жүйесімен танысты, ал университет мұражайында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған мүйісті тамашалады.
Бұдан кейін облыс әкімі университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен және студенттермен кездесті.
- Сіздердің ЖОО құрылуы Теміртау қаласының дамуымен, оның өнеркәсібімен тікелей байланысты. Жаңа кәсіпорындар салынып жатты, қала қарқындап дамыды, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен құрылыс мекемелерінде инженер кадрларға деген сұраныс пайда болды, - деді облыс әкімі.
Серік Ахметов 1958 жылы Қарағанды политехникалық университетінде шойын металлургиясы, болат металлургиясы және металды қысым арқылы өңдеу мамандықтары бойынша алғаш рет қабылдау жүргізілгендігін айтып өтті. Дәл осы жылы Теміртауда Қарағанды политехникалық институтының филиалы құрылды. Онда аталған мамандықтар бойынша студенттер кешкі оқуға қабылданды. 1963 жылдан бастап домналық, болат балқыту және прокаттау өндірістерінің инженер-металлургтері дербес жоғары техникалық оқу орны ретінде қызметін бастаған зауыт - ЖТОО дайындала бастады. Еліміздің Президенті дәл осы оқу ордасын тәмамдаған болатын.
Осынау ЖОО-ның қабырғасынан 20 мыңнан аса жоғары білікті мамандар қанат қақты. ҚМИУ түлектері Қазақстан, Ресей және ТМД-ның басқа да елдерінде жемісті еңбек етіп жүр. Олардың арасында біздің елімізде, шетелдерде қызмет жасайтын белгілі мамандар, саяси қайраткерлер де аз емес.
- Сіздердің ЖОО ғылыми зерттеулерінің аймақ кәсіпорындарының технологиялық үдерістерін жетілдіруге, жалпы дамытуға бағытталғаны біз үшін өте маңызды. Жеткілікті кадрлық әлеуеті мен ғылыми әзірлемелері бар ЖОО облысты индустриалдық-инновациялық жағынан дамытуға белсенді қатысып келеді. Ал, біздің өңірімізде республикалық «Металлургия-металлөңдеу» пилоттық жобасының құрылуы өз кезегінде университеттің ғылыми қызметін одан әрі кеңейте түседі, - деп атап айтты Серік Ахметов.
Мысал ретінде облыс әкімі «Арселор Миттал Теміртау» компаниясымен арадағы ынтымақтастықты айтып өтті. Оның нақты нәтижесі - ыстықтай илектелген болат өндірісінің жаңа технологиясын енгізу болып табылады.
Серік Ахметов аймақта ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған міндеттер мен үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгімеледі.
- Сөз соңында айтарым, облыс басшылығы сіздердің университеттеріңізге біздің металлургиялық кәсіпорындар үшін бәсекеге қабілетті жас мамандарды, жас басқарушылар толқынын даярлайды деп сенім артады. Оған сіздердің мүмкіндіктеріңіз толық жетеді, - деді Серік Ахметов.
Кездесу соңында облыс әкімі студенттердің қойған сауалдарына жауап берді.