Облыс басшысы Мәскеу мен Астана қалаларында өтетін мерекелік шараларға қатысатын ардагерлерді қабылдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ардагерлерді Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен құттықтаған облыс басшысының атап өткеніндей, Батыс Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысына 76 мың адам аттанып, соның 36 мыңы майдан даласынан оралмады. 40 батысқазақстандық Кеңес Одағының Батыры, алты жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Қазір Орал қаласында 223 және аудандарда 475 соғыс ардагері тұрады. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлерін тегін жолақымен, медициналық көмекпен, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл республикалық бюджеттен 263,4 млн. теңге, ал облыстық бюджеттен 97 млн. теңге қаржы бөлінді. Былтыр 89 батысқазақстандық ардагер жаңа баспанаға қол жеткізсе, биыл 38-і Орал қаласында және 23 ардагер ауылдарда қоныс тойын тойлайтын болады.
Облыс әкімі салтанатты жағдайда ардагерлерге мемлекеттік наградаларды табыс етті. ҚР Президентінің Жарлығымен Бисен Жұмағалиев пен Иван Гапич «Құрмет» орденімен, Қасен Қоспаев «Ерен ерлігі үшін» және Михаил Панченко, Мәжит Жаданов, Николай Плотников, Есмақ Молдашев, Лев Дорофеев, Әли Кенжешев, Сүйеу Ығылманов, Қадыр Ғайсин, Николай Ветров 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 65 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды.