Облыс орталығына жаңа келбет беру керек - Б.Шәкімов, Орал қаласының әкімі

ОРАЛ. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Кеше, 1 наурыз күні кешкісін Жастар мәдениет сарайында Орал қаласының әкімі Болат Шәкімов қорытынды есептік кездесуін өткізіп, оған облыс басшысы Нұрлан Ноғаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Марат Анарқұлов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің департамент директоры Бану Нұрғазиева қатысты.
None
None

Болат Шәкімов  баяндамасының басында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен оралдықтардың тұрмысын жақсарту бағытындағы игі істер бұрынғы қала әкімі, қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самиғолла Оразов пен оның командасына тиесілі екен айтып өтті.

-Өткен жылы қала бюджеті 9,1 млрд. теңгені құрады. Аймақтық ішкі өнім бес жыл ішінде екі есеге өсіп, тұрғындар санына шаққанда 5600 доллардан 11600 долларға жетті. Бұл көрсеткіш орташа даму көрсеткіші бар Еуропа елдерімен тең. Өнеркәсіп кәсіпорындары 78,5 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Оның он пайызы шағын және орта бизнес нысандарына тиесілі. Осыдан-ақ шағын және орта бизнес өкілдерінің өнеркәсіптегі үлесі аздығын көреміз. Республика бойынша бұл көрсеткіш он, Алманияда елу, Белоруссияда тоғыз пайыз. Елбасымыз 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті қырық пайызға дейін жеткізу міндетін қойып отыр. Бізге осы биікті бағындыру бағытын көп тер төгуге тура келеді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 38 млрд. теңгені құрады. Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 1,4 млрд. теңгені құрайтын сегіз инвестициялық жоба жүзеге асты.

Тұрғындарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау ісіне жете мән беріліп келеді. Сол себепті былтыр еңбекке орналастыру туралы жұмыспен қамту мекемелеріне өтініш айтып келген азаматтар саны 26 пайызға азайып, 7185 адамды құрады. Бұл азаматтардың бәріне де қажетті көмек көрсетілді. Жастар тәжірибесіне 655 жолданды, оның 282-сі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жұмысқа тартылды. Жыл ішінде бес мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс орталығындағы экономикалық белсенді тұрғындар саны өткен жылдармен салыстырғанда үш пайызға артып, 120 мың адамды құрады. Қалада әлі де жұмыссыздық мәселесі күн тәртібінде тұр. Жұмыссыз ретінде 1471 адам тіркелгенімен, нақты жағдайда олардың саны әлдеқайда көп. Таяуда ұйымдастырылған жұмыс жәрменкесіне келеді деп күтілген бір мыңнан аса адамның орнына бес есе көп адам келуі соған дәлел. Сол себепті меншік түріне қарамай қала кәсіпорындарында жұмыс жәрменкелерін жиі өткізуді қолға алуымыз керек.  Жаңа жұмыс орындарын ашу қала әкімдігі қызметінің басты бағыттарының бірі болмақ. Азаматтардың өз ісін ашуына, қажет несие алуына жан-жақты көмек көрсетуіміз қажет.

Былтыр қала қазынасынан білім саласына 6,5 млрд. теңге бөлінді. Соның 474 млн. теңгесі білім беру мекемелеріне ағымдағы жөндеу жүргізу ісіне және материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаралған. Бұл аздау. Қаладағы 45 мектептің көпшілігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбір білім ұялары қыста қалыпты температураны ұстай алмайды. Балаларымыздың алаңсыз оқуы үшін бізге жыл сайын кем дегенде үш-төрт мектепті күрделі жөндеуден өткізу керек. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбиемен 10383 бала қамтылғанымен, 12 мыңнан аса балдырған балабақша кезегінде тұр. Кенттік округтардың дамуына байланысты Кругоозерный, Серебряков, Желаевта бөбекжай салуға қаржы көздерін қарастыратын боламыз. Сондай-ақ әрбір кенттік округта балалар және спорт алаңдарын салу ойда бар. Мұндай алаңдар қаланың он жерінде бой көтермек. Егер жеке балабақша, мектеп, спорт кешенін ашқысы келетіндер болса, біз оларға өз тарапымыздан қажет көмекті көрсетеміз, - деді Болат Әдиетұлы.

Қала басшысы сондай-ақ құрылыс компаниялары мен бизнес өкілдерін көп қабатты коммерциялық үйлерді салуға да шақырды. Әкімнің сөзіне қарағанда, бұл тәсіл де үй кезегінде тұрған он мың адам санын азайтуға өз септігін тигізбек. Тұрғын үй мәселесін шешу және шаһардың сәулетін арттыру үшін таунхаус, мансардты қабаттар салу бағытында жұмыстар жоспарлануда. Аула аумақтарын абаттандыру ісі де ойда бар. Қазір жетпіс ауланы абаттандыруға орай жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып қойды. Дәл осындай құжаттамалар Еуразия даңғылының 1,7, С.Датов көшесінің 2,6, Шолохов көшесінің 5,5, Желаев трассасының 6,4 шақырым жолдарын жөндеу ісіне дайындалып қойған. Енді оған қаржы керек. Қаржы сондай-ақ көлік жолдарын кеңейту, айналма жол, көпір салу жұмыстарына да қажет. Мәселен, Әйтиев көшесіне төрт жолақты айналма жол салып, оны кесіп өтетін Сарайшық көшесін ұзартса, яғни Жайық өзенінің үстінен автокөлік көпірі тұрғызылып, одан әрі 4,5 шақырым жол тартылса, кептеліс азаяды. Бұл көпірге Пугачев алаңынан тіке шығатын жол тартылады. Соның арқасында Достық, Еуразия даңғылдары мен Құрманғазы, Мұхит көшелерінде қазіргідей көлік легі болмайды. Әрі өзен жағалауы алқабының игерілуіне, инфрақұрылым мен тұрғын үй салуға мүмкіндік тумақ. Қала орталығынан әуежайға тіке қатынауға жол ашатындықтан, ол стратегиялық маңызға ие болады.

«Шаһарымызға жаңа келбет беру үшін біз қаланың бас жоспарына өзгертулер ендіру бағытында жұмыстанып жатырмыз, - деді одан әрі Болат Шәкімов. -Cоның бірі көшелердегі, соның ішінде қалаға әр беріп тұрған жасыл аймақтардағы билбордтар мен дүңгіршіктерді басқа жерге көшіру жайы. Осыдан он жыл бұрын билборд орнату маңызды іс болса, қазір ол өзектілігін жойған. Тіпті олар жаяу жүргінші мен автокөлік иесі үшін қауіп тудыра бастады. Сол себепті оларды өркениетті елдердегідей қала сыртындағы трасса бойына көшіреміз. Бүгінгі таңда сыртқы жарнаманың басқа түрлері шығуда. Соны қолдану керек. Ал дүңгіршік иелеріне сауда орындары маңынан сол аумағына сай келетін орындар берілмек. Біз 5 және 7-шағын аудандардың арасында салынатын көп қабатты ғимараттар құрылыстары жоспарларына өзгеріс енгіздік. Көп кешікпей осы жерге қаланың бас алаңы көшіріледі. Алаңда ту ілгіші бар арка бой көтереді. Сулы-нулы бульвар салынып, колоннада және рухымызды асқақтатын, жетістігімізді бейнелейтін композициялар орнатылады. Амфитеатр іспеттес концерт алаңы да осы жерде болмақ. Оған жалғас өнер үйі мен Қадыр ақынның мұражайы ашылмақ».

Тұрғындардың көпшілігі қаланың жаңа басшысымен алғаш рет көзбе-көз кездесіп тұрғасын, сұрақтары да көп қойылды. Мысалы, зейнеткер Анатолий Амелин қалалық жер қатынастары бөлімі қызметкерлерінің ісіне наразылық білдірсе, Юрий Воинов облыс орталығындағы көпірлердің тозығы жетіп тұрғанын тілге тиек етті. Шепу Сағитов деген ақсақал Ақтөбе қаласында тыл ардагерлеріне қоғамдық көлікпен жүруде, басқа да жағдайларда жеңілдік жасалып отырғанын айтып, осындай істі Оралда да жүзеге асыруға ықпал жасауды сұрады. Ал У.Громова көшесіндегі жатақхана тұрғындарының атынан сөйлеген Мейрамгүл Аюпова тұрғынжайда жылу, су құбырлары істен шыққанын айтып, әкімнен көмек сұрады. ПИК қауымдастығының төрағасы Станислав Филиппов «Горлифт» серіктестігін тартпау жағын қарастыру керектігін айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткен жыл қиындыққа толы болғанымен, жалпы өңір үшін табысты болғанын айтты. «2008 жылдың дәл осындай кезінде Бөрлі ауданына барып, Болат Әдиетұлының есебін тыңдадым, - деді Нұрлан Асқарұлы. -Cонда бір тұрғын «бізге Қарашығанақ кеніші не керек, әлі күнге дейін қи мен көмір жағып отырмыз» дегенде не айтарымызды білмедік. Ал бүгінгі таңда бұл ауданда тек екі елді мекеннен басқасының бәрінде газ бар. Тіпті Қаратөбе мен Бөкей ордасына дейін көгілдір отын барды. Өңірдің көп ауылы газдандырылды. Ауылдардағы әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткіздік. Осының бәріне облыс қазынасынан біраз қаржы кетті. Қаладағы қоғамдық ұйымдар облыс орталығын абаттандыруға аз қаржы бөлінеді деп жүр. Ол рас. Былтыр бөлінген жоқ. Су тасқыны болды.

Осындай жиындарда көтерілген мәселе шешімін табады. Тек бәріне уақыт керек. Әр мәселе зерделеніп, сарапталады. Мәселен, қазір Жаңақала ауданында су мәселесі өзекті. Жаңақалалықтар үшін тәуліктің бір сағатында су беріледі. Біз тез арада осы мәселені шешуіміз керек. Мұның құны - 280 млн. теңге. Міне, алдымен осындай өмірлік маңызды мәселелерді шешіп алуымыз керек».

Соңғы жаңалықтар