17:10, 24 Ақпан 2010 | GMT +5
Облыс орталығында Қаратөбе ауданының көркемөнерпаздары концерт қойды
ОРАЛ. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде Қаратөбе ауданының көркемөнерпаздары «Құт дарып, кие қонған Қаратөбе» атты шығармашылық есеп концертін қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаратөбе - үш жүзге ән оздырған Мұхит, Ғарифолла Құрманғалиев, биыл 70 жасы аталып өтілетін Ескендір Хасанғалиев сынды өнер дарабоздары дүниеге келген қасиетті мекен. Аталмыш кеш те сол ата дәстүрінің үзілмегенін көрсетті. Таңат Жексенбаев, Гүльфия Исламова, Толқын Қуаншалиева сынды орындаушылар қазақ композиторларының әндерін әуелетсе, «Керім-ай» би тобы мың бұрала би биледі.
Аудан әкімі Арман Өтеғұлов өңірде өнердің дамуына ұйытқы болып отырған облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовке, қолдау көрсеткен Ақ Жайық жұртшылығына ризашылығын білдірді.
Ақпанның 26-сында кезек Жаңақала ауданы өнерпаздарына тимек.