13:14, 16 Наурыз 2009 | GMT +5
Облыстық бюджеттен үнемделген 400 миллион теңге жұмыспен қамту және қайта даярлау ісіне бағытталады
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін Ақмола облысы активінің жиналысында Елбасының жаңа Жолдауына қатысты мәселелер қарастырылып, оны жүзеге асыруға бағытталған іс -шаралар айқындалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Актив жиналысына облыстық басқармалар, ведомстволар, ұйымдар мен мекемелер басшылары, мемлекеттік емес ұйымдар, саяси партиялар, шағын және орта бизнес, БАҚ өкілдері қатысып, қаралған мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Басқосуда сөз алған өңір басшысы Альберт Рау жылдың алғашқы екі айындағы табыстарға талдау жасай келе, әлі де болса шешімін күткен мәселелер, игерілмей жатқан ішкі мүмкіндіктер жайында ойын ортаға салды. Өткен мерзімде өндіріс көлемі 17 пайызға төмендеген. Оның басты себебі «Васильков тау-кен комбинаты» және «Қазақалтын» акционерлік қоғамдарында жоспарлы жөндеу жұмыстары қолға алынса, «КамАз-Инжиниринг» акционерлік қоғамы мемлекеттік тапсырысты орындауға кіріскен. Кешенді өндірістік инвестициялық қоржында жалпы соммасы 264 миллиард теңгенің 36 жобасы қарастырылуда. Жолдауда атап көрсетілгендей, ауыл шаруашылығын өркендету, ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, тұрғын үй бағдарламасы, жұмыспен қамту және қайта даярлау бірінші кезектегі міндеттер ретінде қарастырылуда. Нәтижесінде, барлық салада қосымша 11 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Оның сыртында бюджеттік қаржы есебінен 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Бюджеттік қаржыны тиімді жұмсау арқылы үнемделген 400 миллион теңге аймақтық жұмыспен қамту бағдарламасы мен қайта даярлау шараларына бағытталады. Актив жиналысында Елбасының Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді іске асыруға орай ардагерлер кеңесі, кәсіптік- техникалық білім беру жүйесі, әр деңгейдегі депутаттар, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы мүшелерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қатысты міндеттері айқындалды.