ОҚО: 2017 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі

Қала, кент, ауылдық округтердің әкімдері, ауданның атқарушы және аумақты органдардың басшылары, мектеп директорлары, балалар бақшасының меңгерушілері, аудандық емханалар мен ауруханалардың бас дәрігерлері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары қатысқан жиында медициналық сақтандыру жүйесі туралы кеңінен талқыланды.
«Барлық дамыған елдерде жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жүйесін еңбекақы төлеу қорынан 3%-дан 15%-ға дейін мөлшерді құрайтын жарна енгізеді. Қазақстан кәсіпорындарында қазіргі уақытта 5,6 млн-нан астам адам еңбек етеді, олар үшін МӘМС жарналарын жұмыс берушілер жүргізеді. Егер, жұмыс істейтін азаматтар нақты бір кәсіпорында жұмыс істейтін болса немесе өздерінің жеке ісі болса, өздерінің табыстарынан аударатын болады. Әлемдік тәжірибеде егер азаматтар жалдамалы жұмыскерлер болса, онда олардың аударым көлемі еңбекақыдан 1%-дан 8,2%-ды құрайды. Ал егер жеке кәсіпкер болса, онда өзі көрсеткен кірістен (ең төменгі еңбекақыдан төмен болмауға тиіс) 7%-дан 15,5%-ды құрайды», - дейді ОҚО бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметінің сапасын бақылау жөніндегі комитеттің басшысы Ләззат Қашқынбаева.
Айта кетейік, қазіргі уақытта 16 еуропалық мемлекетте, сонымен бірге Түркия мен Жапонияда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданылады. Дәл осы елдердің медицинасы қазіргі уақытта жоғарғы деңгейде және адамдардың өмір сүру ұзақтығы 80-85 жасқа дейін.
«МӘМС жүйесі ҚР-да 2017 жылдан бастап енгізіледі және ҚР-ның барлық сақтандырылған азаматтарының жынысына, жасына, әлеуметтік дәрежесіне, тұрғылықты жеріне және табысына қарамастан медициналық және дәрілік көмекке тең қол жетімділікке кепілдік беріледі», - деді ОҚО денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызмет төлемі жөніндегі комитеттің басшысы Нелля Киікбаева.