ОҚО әкімдігінде мал өнімінің сапасын жақсарту мәселелері талқыланды

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен мал шаруашылығын дамытудың іс-шара жоспарына сәйкес жиын өтті. Оған Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мен ауыл шаруашылығы саласын зерттеумен айналысатын ғалымдар қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

Жиында негізгі баяндаманы облыстық Ауыл шаруашығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбеков жасады. Басқарма басшысы облыс бойынша мал басы мен құстың және жайылым жерлер мен мал азығына қатысты деректер келтіріп, күн тәртібіндегі мәселелерді шешудің тиімді тетіктеріне тоқталды.

Облыс басшысы Асқар Мырзахметов мал шаруашылығын дамыту мақсатында жасалуы керек негізгі мәселелерді тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп, бүгінгі малдың сапасы сын көтермейтінін айтты. «Бірінші кезекте жайылым мен мал азығын дайындау, оның сапасына мән беру. Екіншіден, қолданыстағы мал өнімі. Сүт өнімдері мен еттің сапасы әлі де төмен. Бұның сапасын арттыру үшін және көршілес елдердің сүт өнімдерін пайдаланбай, өзімізді өзіміз қамтамасыз ету үшін кәсіпорындар құруды қолға алу қажет. Қойдың жүнін де кәдеге жаратуды ғалымдармен ақылдасып отырып шешу керек. Мысалы қойдың жүнінен құрылыс материалы ретінде суық өткізбейтін зат шығаруға болады екен. Осыны неге қолға алмасқа? Онда құны жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді болар еді. Осы орайда аудандардан жүнді тазалаудан өткізетін шағын цехтар ашу қажеттілігі туындап отыр»,- деді облыс басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі мал басын асылдандыру күн тәртібінде тұрған үлкен шаруа екеніне де тоқталды. Мал басын асылдандыруда тек бюджеттен бөлінген қаржыға шақталғанды ғана орындап отыра бермей, барынша мүмкіндіктерді қарастырып, асыл тұқымды мал басын көбейтуге күш жұмылдыру қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі жиынды қорытындылай келе, мал шаруашылығы саласындағы өнімділік көлемін де, сапасын да арттыру үшін барлық жағдайды жасайтын іс-шара жоспарын бекітіп, барлық аудан басшыларына тапсырма берілуі керектігін қадап айтты. Сондай-ақ, алдағы бір айдың ішінде аталмыш іс-шара жоспарын дайындауды облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына жүктеді.

Соңғы жаңалықтар