ОҚО әкімі бастаған қазақстандық кәсіпкерлер неміс шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты

Бұл туралы ОҚО әкімшілігі баспасөз қызметінен хабарланды.
Алдымен Штутгарт (Германия) қаласындағы Баден-Вюртемберг федералды жерінің қаржы және экономика министрлігінің ғимаратында екі ел өкілдері дөңгелек үстелде бас қосты. Сапар барысында қазақстандық делегация мен Германияның бірқатар ірі кәсіпкерлері арасында кездесулер өтіп, ведомствоаралық және коммерциялық мақсаттағы құжаттарға қол қойылды.
Бизнес-сапардың басты мақсаты - ОҚО мен Баден-Вюртемберг федералды жерінің арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту. Басқосу барысында екі өңірдің инновациялық мүмкіндіктері таныстырылып, ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және қуат көздерін үнемдеу мен қалпына келтіру салалары бойынша кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар осы кездесуде ОҚО мен Баден-Вютемберг жерінің кәсіпкерлері өндірістегі қалдықтарды қайта өңдеу және жол салудың жаңа технологиясын енгізу бойынша серіктестік туралы ведомствоаралық меморандумдарға қол қойды.
Содан кейін Асқар Исабекұлы Баден-Вютемберг федералды жерінің сыртқы қатынастар министрі Петер Фридрихпен кездесті. Екі өңір басшысы екіжақты қарым-қатынастарды жандандырудың болашақ жұмыстарын талқылады. Тілге тиек болған тағы бір тақырып, кадр даярлау мәселесі болды. Шыны керек, жастарды салалық мамандыққа оқытып, үздік маман дайындау бүгінде күн тәртібіндегі мәселе. Осы ретте айта кеткен жөн, бұл өңірде 9 университет, 39 мамандандырылған жоғары оқу орны, 130-ға жуық ғылыми-зерттеу мекемелері бар. Ал Хейдельберг және Тюбинген университеттері Еуропадағы ежелгі университеттер қатарында. Сондықтан жаңа технологияны еркін меңгерген кадр даярлау тереңінен талқыланды.
Бұдан бөлек, сапар аясында өңір басшысы ауыл шаруашылығы мен логистика салаларында үздік атанып жүрген неміс компанияларының өкілдерімен кездесті. Жиында негізінен оңтүстіктен Германияға экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесі сөз болды. Сонымен қатар Шымкентте салынатын сауда-логистикалық орталықтың құрылысын жандандыру туралы да әңгіме өрбіді.
30 сәуірде ОҚО делегациясы бірқатар неміс шаруа қожалықтарын аралады. Әсіресе, қымыз бен шұбаттан әр түрлі өнім өндіретін Зольсман жылқы фермасына арнайы тоқтады. Бүгінде аталған шаруа қожалығы жылқы мен түйе сүтінің ұнтақталған түрін шығарады. Сонымен қатар сан алуан косметикалық өнімдерді де өндіреді. Инновациялық технологияны шикізатқа бай Қазақстанға әкелу және жаңа жоба бойынша өнім өндіру жайы талқыланды. Сондай-ақ облыс басшысы энергия көздерін өндіретін компания басшыларымен кездесті. Шара барысында «Шымкент-Инновация» ЖШС мен «Промондис» компаниясы арасында 20 мгВттық ФЭС құрылысын бірлесіп салу бойынша келісімшартқа қол қойылды.
Аталған шара Германия, Швейцария, Италия елдерімен экономикалық байланысты арттыруға және жаңа жобаларды дамытуда тәжірібие алмасуға бағытталған.