ОҚО-да 17 жастағы студент қызды такси жүргізушісі өлтірді деген күдік бар

ОҚО ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, студент қыздың мәйіті Сарыағаш ауданы Бағыс ауылының маңындағы жолдан табылды.
Қыздың кеуде тұсы мен ішінде жарақаттар анықталды.
«Мойны, оң қолы мен аяқтары түссіз скотчпен оралып, матадан жасалған белдікпен байланған. Қылмысты жасады деген күдікпен Сарыағаш ауданының 1990 жылы туған тұрғыны ұсталды. Ол қылмысын мойындап, екеуі арасында дау туғаны жайлы айтты. Қыз көліктің сынғанына наразылық білдірген», - деді ОҚО ІІД тергеу басқармасының бастығы Нұриддин Дауылбаев.
Ол ер адам қызды бұрауышпен 4 рет ұрғанын айтты. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Одан қаза тапқан қыздың заттары табылды. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 99-бабы 1-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, 17 жастағы Айгерім Оспанбекова 10 мамырда жоғалған. Ол Жаңатұрмыс ауылындағы үйінен таксимен шыққан, алайда Шымкентке жетпеген. Қызды бірнеше тәулік бойы полицейлер, туыстары, еріктілер іздеді. Жуырда оның мәйіті табылды.