ОҚО-да 31 мыңнан астам оқушы мектепті тәмамдады (ФОТО)

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстарының 1022 мектебінде соңғы қоңырау соғылды. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне барып, оқу ордасының түлектері мен оқушыларды оқу жылын сәтті аяқтауымен құттықтады.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов №65 мектептегі салтанатты шараға қатысты. Қала басшысы Президент білім беру саласына ерекше мән беретінін атап өтті.
«Бүгін - мектеп бітіріп, балалық шақты артта қалдырып, жаңа белестерге қадам басқалы отырған түлектер үшін ерекше күн. Жақсы оқып университеттерге оқуға түсу керек», - деді қала басшысы.
№ 65 мектеп 1991 жылы ашылды. Биыл бұл оқу мекемесін 161 түлек аяқтады. Олардың 14-і «Алтын белгіге» үміткер, үш түлек ғылыми жобалардың халықаралық байқауларындағы жеңістері үшін марапатқа ие болған.