ОҚО-да кәсіпкерлер мен диқандар интенсивті бау-бақша технологиясының тиімділігін талқылады
Іс-шараға облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңісбек Дулатов, «Аlatau Fruits Engineering» ЖШС директоры Талғат Жалғасбаев, Италия, Түркия, Украина елдерінің бақша өнеркәсібінің өкілдері, ОҚО ауылшаруашылығы басқармасының мамандары, сондай-ақ диқандар қатысты.
«Бүгінгі семинардың басты мақсаты - бақша егіншілігіндегі заманауи интенсивті технологиялардың пайдасын жергілікті диқандарға жеткізумен қатар, бақша өнеркәсібінде жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді біріктіру, облыстан шығатын өнімдердің халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, олардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру болып табылады», - деді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңісбек Дулатов.
Осы мақсатта Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық бағбандар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ал «Аlatau Fruits Engineering» ЖШС бас директоры Теміржан Жалғасбаевтың айтуынша, интенсивті бақ әлемде кең таралған, бірақ ол Қазақстанда бизнестің жаңа түрі болып табылады. Осы кәсіппен айналысуға құлшыныс білдірген кәсіпкерлерге ол үлкен инвестициялық жобалар ерте ақталатынын, кәсіптің үшінші жылынан бастап-ақ салымдарының ақталып, ары қарай таза пайда алатыны туралы айтты.
Интенсивті бақта бір гектар жерге 1500-2500 тал егіледі. Мұндай бақшалардың басты ерекшелігі - арнайы көшеттер егіп, 2-3 жылда жеміс алуға болады. Еуропа елдерінде бұл тиімді бизнес ретінде кеңінен таралған, арнайы жылыжайларда егілген көшеттер оларға бірінші жылдан бастап-ақ табыс әкеледі.
Елімізді жеміс-жидекпен тұрақты қамтамасыз ету үшін инновациялық интенсивті бау-бақша технологиясын ендіру аса қажет. Семинарға қатысушыларға Қазақстандағы қолданып жатқан технологияларды қайта қарап, отырғызылатын көшеттердің түрлері мен оларды суару технологиясы, зиянкестерден қорғау, жеміс-жидектерді өткізу мәселелеріне қатысты толыққанды ақпарат берілді.