ОҚО-да қатаң режимдегі түзеу мекемесіне тыйым салынған діни әдебиетті өткізбек болған
Тыйым салынған діни әдебиет кісі өлтіргені үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылған сотталушыға арналған. Экстремистік бағыттағы әдебиетті ер адамның туыстары пошта бойынша жіберген.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері берген мәліметтерге қарағанда, 28 жасар қамаудағы азамат әдебиетті темір тордың ар жағында отырған өзінің камераластарына таратпақ болған, сол арқылы экстремистік бағыттағы діннің ағымын насихаттаған.
Сонымен бірге сотталғандардан ұялы телефондар алынған. Олар ұялы телефон арқылы діни әдебиеттің электронды нұсқасын оқып, көріп отырған. Наразылық ретінде қамаудағылардың алтауы ауыздарын тігіп тастады. Олардың барлығына медициналық көмек көрсетілді, психологтың да көмегі көрсетілді. ҚАЖД басшылығының сөзіне қарағанда, олар қазіргі уақытта ас ішіп жүр.
Айта кеткен жөн, заңсыз заттарды тәркілеуге қарсылық білдірген барлық азаматтар 10 жылдан 20 жылға дейін ұзақ мерзімге сотталған.