ОҚО-да сауда агенттері ретінде аңғал ауыл тұрғындарынан алтын бұйымдарды арбап алған пысықайлар ұсталды
Жедел іздестіру шараларының барысында Шардара АІІБ қызметкерлері 1981, 1982, 1990 және 1991 жылдары туған төрт күдіктіні құрықтады. Олар Қызылорда облысының, Оңтүстік Қазақстан өңірі - Шардара және Ордабасы аудандарының және Түркістан қалаларының тұрғындары болып шықты.
Алаяқтар бір жүйеге сәйкес жұмыс істеген. Сауда агенттерінің кейпін жамылып, жалған аты-жөндерін ойластырып, ауылдарды аралаған. Елді мекендер тұрғындарына құны арзан электр пешін сатып алуды немесе оны алтын әшекейлерге айырбастауды ұсынады. Ал бағалы затты кейін аудандағы ломбардтың бірінен өтемақысын төлеп алуға болатынын айтқан. Содан кейін қоржындарын алтынмен майлаған күдіктілер белгісіз бағытта табандарын жалтыратқан.
Бүгінгі таңда тәртіп сақшылары күдіктілердің 6 алаяқтық фактісіне қатысы бар екенін анықтады. Зардап шеккендерге келтірілген залалдың жалпы көлемі 200 мың теңгеден асып жығылады.
Пысықайлардың үстінен ҚР ҚК-нің 177-ші «Алаяқтық» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер тұтқындалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Полицейлер жылпостардың арбауына түскендердің қатары артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.