14:31, 02 Шілде 2013 | GMT +5
ОҚО-да спорт мектебінің директоры бюджеттің 1 миллион теңгеден астам қаржысын қалтасына басты
ШЫМКЕНТ. 2 шілде. ҚазАқпарат - ОҚО Түлкібас ауданы «Шақпақ-баба» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ол 2011 жылдың қаңтарынан 2013 жылдың мамыры аралығында спорттық және кеңсе тауарларын сатып алғаны туралы жалған құжаттарды пайдалану жолымен сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемденіп, талан-таражға салды деп күдіктелуде. Шығын көлемі 1,3 млн. теңгені құрап отыр. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан бөлек, ОҚО-да мемлекеттік қызмет өкіліне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Шымкенттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бастығы пара алды деп күдіктелуде. Тергеудің материалдары бойынша, шенеунік мүгедектікті рәсімдеуге өзінің көмегін 50 мың теңгеге бағалаған. ҚР ҚК-нің 311-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.