ОҚО-да заңсыз айналымнан 3,5 млн. теңгенің тауары тәркіленді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстанда заңсыз айналымнан 3,5 млн. теңгенің тауары тәркіленді. 484 дана контрафактілі өнімдер сатқаны үшін жалған кәсіпкерлерге 1,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл туралы өңірдің Әділет департаментінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Департамент қызметкерлерінің мәліметтерінше, дағдарыс қысқан заманда пысықайлар неше түрлі айламен пайда табуға көшкен. Бірі нарықта сұранысқа ие смартфондардың жалған түрін сатуды кәсіп етсе, енді бірі көліктің қозғалтқыш майларын қолдан жасапты. Алайда кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқандар жауапқа тартылған. Өткен жылы 19 тексеру жүргізген мамандар жалпы құны 3 млн 402 мың теңгені құрайтын тауарларын тәркіледі.

«Олар құқық иелерінің рұқсатынсыз заңсыз жолмен өзгенің өнімдерін жасырын, қолдан жасап отырған. Ол өнімдердің арасында iPhone, BITEX, Hermès сияқты танымал брендтер бар. Сот қаулысына сәйкес тәркіленген тауарлардың барлығы жойылады. Сот сараптамасына сәйкес олар контрафактілі болғандықтан мемлекет пайдасына алынбайды»,- деді Облыстық Әділет департаментінің меншік құқығы бөлімінің бас маманы Ербол Садықов.

Әділет департаментіне шағым түсіргендер сол брендтердің өкілдері екен. Әрі олар үшін зияткерлік меншік туралы заң ортақ. Сала мамандарының сөзінше, Әкімшілік құқық бұзушылық заңы бойынша, контрафактілі заттардың құны 1000 айлық есептік көрсетікіштен яғни, 2 млн 269 мың теңгеден аспаса, құқық бұзушы әкімшілік айыппұл төлеумен шектеледі. Бұл көрсеткіштен асқандарға қылмыстық іс қозғалып экономикалық сотқа тартылады.

Соңғы жаңалықтар