ОҚО-да жалған кәсіпорындардың қызметі салдарынан бюджетке 4 млрд. жуық теңге түспей қалды - қаржы полициясы
Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық етті деп айыпталуда. Қылмыстық топ жалған құжаттардың көмегімен компанияларға салық төлеуден жалтаруға көмектесумен айналысқан бірнеше кәсіпорын ашқан.
Жалған фирмалардың бірнеше жыл бойы - 2008-2012 жылдар аралығында жұмыс істегені, барлығы 6 жалған кәсіпорын болғаны анықталды. Салық төлемеуден мемлекетке келтірілген шығын 3,4 млрд. теңгені құрады.
ОҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, екі қылмыскер ұсталды. Олардың бірі уақытша ұстау абақтысына қамалса, екіншісі үйдегі қамауда отыр.
Бұл іске сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының Салық департаменті бастығының орынбасарының да қатысы бар. Естеріңізге сала кетейік, ол 21 мамыр күні ұсталған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, мемлекеттік қызметкер қылмыскерлердің заңсыз әрекеттеріне қамқорлық жасап отырған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық қаржы полициясының департаменті жалған кәсіпкерлік фактілері бойынша барлығы 19 қылмыстық іс қозғаған.