ОҚО-да жол полициясы қызметкеріне оқ атқан 19 жасар жүргізуші іздестіріліп жатыр

АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында ішкі істер органдарының қызметкерлері жол полициясы қызметкеріне оқ атқан жүргізушіні іздестіруде.
None
None

«4 мамыр күні таңертеңгі сағат 10-дардың шамасында Сайрам аудандық Ішкі істер басқармасының кезекшілік бөліміне белгісіз біреулердің Леңгір тасжолы бойында полиция қызметкеріне оқ атқандығы туралы хабар келіп түскен. Оқиға орнына жеткен тергеу жедел іздестіру тобы анықтағандай, жол бөлігінде кезекшілік еткен полиция сержанты аудан базарларының бірінің жанынан құжаттарын тексеру үшін «БМВ Х5» маркалы автокөлігінің жүргізушісін тоқтатпақ болған. Жүргізуші жол полициясы қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, оқиға орнынан бой тасаламақ болған»,-деп хабарлайды бүгін ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Полицей тәртіп бұзған жүргізушіні Бадам кенті көшелерінің бірінде қуып жеткен сәтте, күдікті тәртіп сақшысына травматикалық қарудан оқ жаудырған. Атылған оқтың бірі тәртіп сақшысының қолын жарақаттаса, екінші оқ сол маңда өтіп бара жатқан 24 жастағы жаяу жүргіншінің кеуде тұсына тиген. Жараланғандар ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің 19 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны екендігін анықтап отыр.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің «Бұзақылық» және «Билік өкіліне қатысты зорлық көрсету» баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті азаматқа іздеу жарияланды.

Соңғы жаңалықтар