ОҚО облыстық соты «жаға ұстатар» деректер жария етті: 3 жылда балаларға қатысты зорлық бойынша 56 қылмыстық іс қозғалды
Тек ағымдағы жылдың үш айында ғана кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлаумен байланысты 8 іс қаралса, мұндай деректер 2010 жылы -12, 2011 жылы - 24, ал 2012 жылы 12 рет тіркелген.
Судья Әбинұр Қарабаеваның айтуынша, педофилдер арасында егде жастағы адамдар да бар. Мәселен, облыста 62 жастағы зейнеткерге қатысты іс қозғалған. Ол бірнеше жыл бойы өз қыздарын бірге тұруға мәжбүрлеп келген.
ОҚО-да қозғалған ең сорақы істердің бірі 2011 жылы орын алды. Ол кезде бір топ азамат 8 жастағы қызды пәтерге алдап әкеліп, бірнеше күн бойы ойларына келгенін істегеннен кейін өлтіріп, мүрдесін бөлшектеп, тұрғын үй секторына тастап кеткен. Қыздың мәйіті бірнеше күннен кейін табылды. Қылмыскерлер 25 және 20 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Облыстың келесі бір тұрғыны асырап алған қызын үш жыл бойы зорлап келгені үшін 18 жылға сотталды. Үкім шығарылғаннан кейін әлгі адам өзіне қол жұмсамақ болған. Дегенмен ойлаған ісін іске асыра алмады, қазіргі уақытта ол жазасын өтеуде.
Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың да педофилдікке баратындығы туралы деректер бар. Шымкентте он жастағы оқушы қызды ешкімнің көзі түспейтін жерге алдап апарып, зорлаған 16 жастағы бозбала он жылға бас бостандығынан айырылды.