08:46, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Оқушылар жалған ақша «басып шығарып», оларды сағыз бен шоколадқа жұмсаған
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысында Железинка ауылының 1992-1993 жылы туған бір топ жас тұрғындарына қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр.
Олар алаяқтық, жалған ақша жасау және оны өткізу фактілері бойынша айыпталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Екі жасөспірім компьютерде ойнап отырып, номиналдары 200, 1 мың, 2 мың және 5 мың теңгелік ақшаларды сканерден өткізіп, кәдімгі қағазға басып шығарған. «Өтірік ақшаларды» бөлісіп алған балалардың бірі өз «ақшасын» өртеп жіберсе, екіншісі үйіне бара жатқан жолда «принтермен ақша басып шығарғанын» жолдасына айтып берген. Жолдасы одан «қарызға» 200 теңге сұрап, оған дүңгіршектен тәттілер сатып алған. Кейіннен ол тағы бір банкнотты - 2 мың теңгені «қарызға алған», бірақ жолы болмаған ? бұл ретте дүкен иесі ақшаның жалған екенін танып қойған. Жалған ақшаға қызыққан олардың тағы бір досы 1 мың теңгені таныс қыздарына берген, ал қыздар ол ақшаға ауыл дүкенінен сағыз, шырын, шоколад, темекі сатып алған. Ақша жасағыштар көп ұзамай анықталып, төрт жасөспірімге қылмыстық айып тағылып отыр, олар өз кінәларын толық мойындады. Оқушылар кәмелетке толмағандықтан, сот оларды ата-аналарының қатаң бақылауында қалдырды.