Ол өз халқын әлемге танытқысы келді - Марина Шәріпованың Нью-Йорктегі көрмесі

Бұл шараны Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі Орыс-американ мәдениет қорының қолдауымен ұйымдастырды.
Биыл көзі тірі болса, Марина Шәріпова 50 жасқа толар еді. Ол 1993 жылы Нью-Йоркта бояуларынан табылған шамадан көп метанолдың иісіне уланудың салдарынан қайтыс болған еді. Өмірінің соңғы жылында суретші Америкада жұмыс істеп, өзінің үздік туындыларын сонда дүниеге әкелген болатын. «Маке» деген шығармашылық псевдонимін Марина өзінің әжесі Мақпузаның құрметіне алған еді. Өз күнделігінде Мәке: «Алла, туындыларым арқылы менің ұлы да, бірақ әлі көп жұрт тани қоймаған халқымды әлемге танытуға күш бере көр», деп жазады.
Көрменің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Ерлан Ыдырысов, Марина Шәріпованың дарыны үш бірдей ұлтты: туған жері -Қазақстанды, суретші өсіп, өз шеберлігін шыңдаған - Ресейді және осынау бірегей туындыларды дүниеге әкелген Американы біріктіріп отырғанын айтты. «Мен Мәкеңнің табандылығына тәнтімін. Ол өзінен кейін мазмұнды мұра қалдырды. Марина Шәріпова нағыз мәдениет елшісі болған»,- деп атап көрсетті Ерлан Ыдырысов.
Бұл кеште көрменің қадірлі қонақтарының қатарында суретшінің анасы Людмила Шәріпова, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Бірғаным Әйтімова, Ресейдің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Виталий Чуркин, Нью-Йорк штатының сенаторы Карл Крюгер, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының директоры Бақыт Сералиев, көптеген американдық өнертанушылар болды.