ОЛИМПИАДА-2012: Марина Вольнова ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері - он үшінші күннің қорытындысы

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Лондон Олимпиадасының кешегі жарыс күнінде қазақстандық боксшы Марина Вольнова ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Сонымен қатар Марина еліміздің қыздар арасында тұңғыш олимпиада жүлдесін жеңіп алған боксшы болып отыр.
None
None

Есте болса, биыл Олимпиада ойындарының бағдарламасына тарихта алғаш рет қыздар боксы енгізілген болатын. Бокс бұған дейін жазғы олимпиада ойындарында    тек ерлер арасында өтіп келген жалғыз спорт түрі болып келді. Оған Қазақстан атынан екі боксшы жолдама алды. Оның бірі - 60 келіге дейінгі салмақ санатында Саида Хасенова, екіншісі - осы Марина Вольнова болды. Саида алғашқы айналымда жарыс жолынан шығып қалғаны есімізде.

Олимпиада ойындарында 75 келі салмақ санатында Қазақ елінің намысын қорғаған Марина Вольнова жартылай финалға дейін жетті. Кеше ақтық сынға берілер жолдама сарапқа салынған жекпе-жекте Марина американдық былғары қолғап шеберіне есе жіберді. 17 жастағы Кларесса Мария Шиелдс біздің Маринаға 4 кезеңде де еш мүмкіндік бермеді. Қорытынды есеп - 15:29.

Естеріңізге сала кетейік, Марина 1/8 финалда кениялық  Элизабет Андиегоны айқын басымдықпен ұтып, келесі айналымға жолдама алған болатын. Ал ширек финалда азулы қарсыласы британдық Саванна Маршалдан еш ықпаған Марина алғашқы 2 раунда 7:7 есебімен тең аяқтаған-ды. Дегенмен шешуші кезеңде барын салған біздің былғары шеберіміз үшінші кезеңді 3:1 есебімен басымдықпен ұтты. Осылайша Марина ширек финалға жолдама алған болатын.

1989 жылы шілдеде Қызылорда қаласының Қазалы қаласында дүниеге келген Марина бокспен 6 жасынан бастап айналысады. Осы уақытқа дейін зор жетістіктерге де жетті. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Бокстан еліміздің төрт дүркін чемпионы, 2010 жылы Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.

Тағы бір боксшымыз Әділбек Ниязымбетов жартылай финалға жолдама алып, кемінде «қола» медальға қол жеткізіп отыр. ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында 81 келі салмақ санатында жұдырықтасқан Әділбек Ниязымбетов ширек финалда ирандық қарсыласын ұтып, жартылай финалға шықты. Біздің спортшымыз ирандық Эхсан Роузбаханидің үш раундта да жеңіске жетуіне еш мүмкіндік бермеді. Осылайша шаршы алаңдағы кезекті жекпе-жегін 13:10 есебімен аяқтаған Әділбек Олимпиада алтынына жақындай түсті.

Айта кетейік, 1/8 финалда біздің спортшыға қарсы шыққан эквадорлық Карлос Гонгора Меркадо еш қауқар көрсете алмады. Шаршы алаңның шаңын шығарған Әділбек қарсыласынан 13:5 есебімен  басым түскен еді.

Ал ширек финалда шаршы алаңға көтерілген боксшы Біржан Жақыпов пен Данияр Елеусінов жекпе-жектерінде ұтылып қалды. Біржан Жақыпов қытайлық спортшыға есе жіберді.

Алғашқы раундта тең жұдырықтасқан Біржан келесі кезеңдерде жекпе-жек тізгінін қытайлық спортшы Шимин Цзоуға беріп қойды, қорытынды есеп - 10:13. Осылайша, ширек финалда ұтылған біздің спортшы тіпті Лондон олимпиадасының қола медаліне де іліге алмады.

Естеріңізге сала кетейік, Б.Жақыпов  1/8 финалда филиппиндік Марк Барриганы жеңген болатын. Бірінші таймда 5:4 есебімен басым түскен жерлесіміз, екінші раундта 6:3 есебімен жеңіліс тапса, ал үшінші раундта қарқынын үдетіп, 9:3 есебімен қарсыласын ойсырата ұтқан еді.

Ал Данияр Елеусінов итальяндық Винченцо Манчикапреден ұтылып қалды. Естеріңізге сала кетейік, 64 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан боксшымыз Данияр Елеусінов 1/16 финалда  американдық былғары қолғап шеберін, ал 1/8 финалда ирандық боксшыны айқын басымдықпен ұтқан болатын.

Кешегі жарыс күнінде Лондон Олимпиадасында 58 келі салмақ дәрежесінде іріктеу кезеңі аясында мысырлық Тамир Баюмимен кездескен қазақстандық таэквондошы Нұрсұлтан Мамаев өз қарсыласына бір ұпай жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Жекпе-жектің үш раунды бойынша есеп ашылған жоқ. Қосымша төртінші раундта да екі жақ тең түссе де, төрешілер шапшаң шабуыл жасаған Т.Баюмиге бір ұпай берді. Осының арқасында мысырлық таэквондошы жеңімпаз атанып, Н.Мамаевты жарыс жолынан шығарып жіберді.

Қазақтың палуан қыздары кеше алғаш рет боз кілемге шыққан болатын. Өкінішке орай, Лондон Олимпиадасында 63 келі салмақ санатында әйелдер күресінен қазақ елінің намысын қорғаған палуанымыз Елена Шалыгина алғашқы белдесуінде-ақ ұтылып қалды.

Іріктеу сынында украиндық Юлия Остапщукпен белдескен Елена алғашқы кезеңде 2 ұпаймен басым түскенімен, екінші кезеңде таза ұтылды.

Айта кетейік, 1986 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген палуанымыз 1998 жылдан бері күреспен айналысып келеді. Ол 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында қола медаль ұтып алған болатын. Сондай-ақ Елена үш әлем чемпионатына қатысып, 2 рет қола, 1 рет күміс медаль еншіледі.  Азия чемпионаттарына да сан мәрте қатысып, оның екеуінде чемпион атанды. Ал ХХХ жазғы ойындар жолдамасын ағымдағы жылы елордада өткен іріктеу турнирінде ұтып алған болатын.

48 келі салмақ санатында әйелдер күресінен қазақ елінің намысын қорғаған тағы бір палуанымыз Жұлдыз Ишимова 1/8 финалда беларусьтық Ванеса Каладзинскаяға есе жіберді.

Сонымен қатар, 8 тамызда Лондон Олимпиадасының сырықпен секіру спортында қазақстандық атлет Никита Филиппов біліктілік сайысынан өтпеді. 5.35 метрді бағындырған спортшымыз өз тобында 9-шы, жалпы тізімде 18-орын алды.

800 метр қашықтыққа жүгірген қазақстандық жеңіл атлет Маргарита Мұқашева (Мацко) болса, ел сенімін ақтап іріктеу кезеңінен сәтті өтті. Ол өз тобында бесінші болып мәре сызығын кесіп өтті. Жерлесіміз аталған қашықтықты 2,2 минөттің ішінде жүгіріп өтті. Бұл - жаман көрсеткіш емес. Жалпы, алты топтың қорытындысы бойынша М.Мұқашева он бесінші орынға тұрақтап, келесі кезеңге жолдама алды. Бұл айналымда ең үздік көрсеткіш америкалық Алисия Джонсон Монатонаға тиесілі. 800 метрді ол 2 минөттің ішінде жүгіріп өтті.

Жеңіл атлетикадағы тағы бір үмітіміз онсайысшы Дмитрий Карпов бес жаттығудың қорытындысы бойынша 8-орында келе жатыр. Ол жалпы есепте 4241 ұпай жинап, көшбасшыдан 400 ұпайға қалып келеді. Бүгін онсайысшылар қалған бес жаттығу бойынша жарыс жолын жалғастырмақ.

Кеше таңғы рейспен Алматы қаласына Лондон Олимпиадасының алтын медаль иегерлері - Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова ұшып келді.

Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясынан хабарлағандай, Алматы әуежайында Қазақстанның батыр қыздарын алматылықтар ел болып қарсы алды. Құшақ-құшақ гүлдер, көтеріңкі көңіл-күй және туған-туыстардың көз жасы, жиналған жұрттың қуанышында шек болмады. Алтынмен апталып келген чемпиондар сол жерде баспасөз мәслихатын өткізіп, өздерінің жеңіс жолындағы естеліктерімен бөлісті.

Естеріңізде болса, 53 келі салмақ санатында өнер көрсеткен жерлесіміз З.Чиншанло серпе көтеру сайысында 131 келі зілтемірді көтеріп, әлем рекордын жаңартты. Ал екі сайыстың қорытындысы бойынша 226 келіні бағындырып, Лондон Олимпиадасының чемпионы атанды. Одан кейін жарыс жолына шыққан Майя Манеза (63 келі) жалпы салмағы 245 келіні көтеріп, Олимпиада рекордын жаңартты. Ол бізге үшінші алтын медаль әкелді.  Ал 75 келі салмақ санаты бойынша Қазақстанның намысын қорғаған Светлана Подобедова әлемдік рекордты екі мәрте жаңартып, ел қоржынына төртінші «алтын» түсірген болатын.

Өз кезегінде Лондон Олимпиадасына Камерун елінен барған жеті адам, расталмаған мәліметтер бойынша, жарыстар аяқталған соң туған жерге оралудан бас тартты.

Камерунның олимпиадалық делегациясы спортшылар команданың орналасу жерінен өздігімен кеткендігін және олардың қазіргі уақытта орналасқан жері белгісіз екендігін растады.

«Басында қауесет ретінде көрінген жайт шындық болып шықты. Лондондағы Олимпиада ойындарына қатысқан жеті камерундық атлет Олимпиада ауылынан қашып кетті», - деп хабарлады камерундық делегацияның жетекшісі Дэвид Оджонг елдің Спорт министрлігіне мәлімдемесінде.

«Қашқындар» арасында бес боксшы, әйелдердің футбол құрамасының қосалқы қақпашысы және жүзуші бар. Спортшылар Еуропада экономикалық себептермен қалуы әбден мүмкін, деп атап өтті Би-Би-Си.

Халықаралық олимпиадалық комитетте камерундық атлеттердің шешімі туралы әзірше ештеңе білмейді.

Камерундық «олимпиадашылар» жарыстар аяқталған соң туристер болғысы да келген шығар. Британдық баспасөздің атап өтуінше, Олимпиада қатысушыларына аккредиттеу арқасында елде қарашаның басына дейін болу рұқсат етілген.

Бүгін қазақстандық спортшылар жеңіл атлетикадан, көркем гимнастикадан, еркін күрестен және ескек есуден жарыс жолына шығады.

ҚазАқпарат спортшыларымыздың жарыс жолына шығу кестесін ұсынады.

Жеңіл атлетика

14.00. Он сайыс. 110 метрге кедергімен жүгіру. Дмитрий Карпов
14.30. Биіктікке секіру. Іріктеу сыны. Марина Аитова
14.55. Он сайыс. Дискі лақтыру. Дмитрий Карпов
17.55. Он сайыс. Сырықпен секіру. Дмитрий Карпов
23.30. Он сайыс. Найза лақтыру. Дмитрий Карпов
23.30. 800 метр. Жартылай финал. Маргарита Мұқашева (Муцко)
02.20. Он сайыс. 1500 метр. Дмитрий Карпов

Байдарка мен каноэ есу

15.08. Әйелдер. Кайяк (К1). 500 метр. В финалы. 9-дан 16-шы орындар үшін. Наталья Сергеева

Көркем гимнастика
17.00. Іріктеу сыны. Анна Алябьева

Күрес

Әйелдер

18.25 1/8 финал. 72 кг. дейін. Гузель Манюрова (Қазақстан) - Кийоко Хамагучи (Жапония)

Соңғы жаңалықтар